Парламент

Сенатта аграрлық секторды жаңғыртудың келешегі талқыланды

Парламент Сенатында Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауының аясында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен кездесу өтті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 20 Сәуір, 18:32

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Сергей Плотников кездесуді аша келіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және шикізаттық өндірістен қайта өңдеу өндірісіне көшуді заңнамалық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етуді, сондай-ақ оны жаңа салалық мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асыруды міндеттегенін атап өтті.

С.Плотников Елбасының Қазақстанды бүкіл Евразия белдеуіндегі астық өндіруші «нан себетіне» айналдыру туралы үндеуін еске салды.

Сенатордың айтуынша, отандық ауыл шаруашылығы өнімдері қазірдің өзінде экологиялық таза өнім беделімен халықаралық нарыққа еніп отыр. Осыған байланысты, 2015 жылы қабылданған «Органикалық өнім өндіру туралы» заңның орындалу барысын, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын және АӨК нысандарын субсидиялаудың жаңа әдістерін талқылау қажет.

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары туралы депутаттарды хабардар етті. Ол ішкі нарықты толық қамтамасыз ету және ұлттық өнімдердің экспорттық әлеуетін дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Maлелов холдингтің 2016 жылғы қызметінің қорытындылары туралы баяндады. Талқылауға сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы, Рашит Ахметов, Қуаныш Айтаханов, Аңсар Мұсаханов, Рашит Акимов, Бекмырза Еламанов, Ерболат Мұқаев, Жеңіс Нұрғалиев қатысты. Кездесуді қорытындылай келіп, Сенат комитетінің төрағасы С.Плотников пайдалы әрі маңызды бұл пікір алмасу Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыруда ортақ ұстанымға қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

 

 

 





Яндекс.Метрика