Парламент

Сенат әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамаға енген өзгертулерді қабылдады

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.
Астана қаласы20 Сәуір , 17:12

Экономикалық саясат, инновациялық  даму және кәсіпкерлік  комитетінің тұжырымдамасында көрсетілгендей, құжаттың мақсаты азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ оны Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келтіру болып табылады.

 Заң әуе кеңістігін және авиация қызметін пайдалану саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейтуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауаптылықты арттыруға бағытталған.

 Құжатпен сегіз заңға, оның ішінде Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Шетелдік тасымалдаушыларды аккредиттеу, коммерциялық емес ұйымдарды тарту және әуе кемелерін пайдаланушылардың, аэронавигациялық қызмет көрсетушілердің, авиациялық оқу орталықтарының қызметін қадағалау бөлігінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның құзыреті нақтыланады және толықтырылады.

 Әуежайлардағы бәсекелестікті дамытуға және әуе кемелеріне жер үстінде қызмет көрсетушілердің қызметін реттеуге бағытталған ережелер қарастырылған. Азаматтық-әскери ынтымақтастық пен әуе кеңістігін тиімді пайдалануды үйлестіру қағидаттары бекітіледі.

Бірқатар ережелер азаматтық авиацияда авиациялық қауіпсіздік бағдарламасын енгізу, медициналық сарапшыларға, аэронавигациялық қызмет көрсетушілерге және лауазымды адамдарға жауаптылықты бекіту, сондай-ақ сертификациялық тексеру кезінде санаттарды енгізу арқылы авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Тергеп-тексеру жөніндегі уәкілдің қызметі реттеледі. Сонымен қатар авиация қызметкерлерін медициналық куәландыру жүйесін жетілдіру көзделеді, авиациялық медициналық орталықтарды сертификаттаудың жаңа түрі ұсынылады.

 Шағын авиацияны дамытудағы, ұшқышсыз ұшатын аппараттарын есепке алудағы, арнаулы ұшуға рұқсат алудағы, әуе кемелерін пайдаланушыларға жалға беруде әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты ережелер енгізіледі.

Құжатпен акционерлік қоғам сипатындағы авиакомпаниялардың жарғылық капиталына шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қатысу үлесін қырық тоғыз пайызға дейін шектеу ережесі белгіленді.




Яндекс.Метрика