Парламент

Парламент мәдениет мәселелері туралы заңнамаға енген өзгертулерді қабылдады

ҚР Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.
Астана қаласы 20 Сәуір, 15:23

 «Құжат Парламент депутаттарының бастамашылығымен жасалды және Бюджет кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «Мәдениет туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізуді көздейді», - делінген хабарламада.  

Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың еліміздің Бюджет кодексінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды ғана емес, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды да даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуге құқығын бекіту ұсынылады.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң музей-қорық сияқты жаңа ұғыммен толықтырылады, ол тарихи-мәдени мұра объектілерін және мәдени құндылықтарды сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсету үшін құрылған.

«Мәдениет туралы» заңда Қазақстан халқының мәдени мұрасына жататын баспасөз басылымдарын сақтау мен көпшілікке таратуды жүзеге асыратын еліміздің Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәртебесі белгіленеді; бұқаралық ақпарат құралдары редакциясының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына баспасөз басылымдарының міндетті тегін даналарын, ал электрондық нысанда – «Орталық» мәртебесі бар кітапханаларға ұсыну бойынша міндеттері бекітіледі.

Одан басқа, заңмен мәдениет ұйымдары мен театрлардың қызметіне қатысты қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату мәселелерін реттеу, сондай-ақ мәдениет саласындағы уәкілетті органның құзыретін нақтылау ұсынылды.

Осыған дейін Мәжіліс депутаттары  палатаның жалпы отырысында  аталмыш заң жобасына  заңды техника мен құжаттың мазмұнын сапаландыру бойынша  өзгертулер енгізген болатын.





Яндекс.Метрика