Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

Биыл Қазақстандағы кадр тапшылығы 160 мыңды құрап отыр

2017 жылы Қазақстанда отандық жұмыс берушілердің өтініші бойынша кадр тапшылығы 160 мың жағдайды құрап отыр, деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов ведомстводағы баспасөз конференциясында.
Астана қаласы20 Сәуір , 14:57

«Біз еңбек нарығындағы жағдайды нақты білуіміз үшін ұлттық біліктілік жүйесі керек. Әрине,  бұл халық үшін өте тиімді.  Біздің еңбек нарығымызда үлкен проблема бар, өндіріс пен білім беру саласының арасында байланыс жоқ. Яғни біз еңбек нарығына керек емес мамандарды дайындаймыз немесе дайындаған маманымыздың біліктілігі төмен. Сондықтанда бизнес оларды қайта оқытады», - деп түсіндірді вице-министр.

Министірліктен хабарлағандай, елімізде осымен үшінші жыл қатарынан мамандарға деген қажеттілік деңгейі анықталып келеді.

«Мысалы, өткен жылы елімізде орта техникалық кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс шамамен  76% құрады. Ал, бізде халық жоғары білім алғысы келеді, заңгер, экономист болғымыз келеді. Демек біз жастарды ертең сұранысқа ие болатын мамандықтарға бейімдеуіміз керек. Заңгерді оқығанша, дәнекерлеуші бол немесе құрылыс мамандықтарын игер. Сонда ертең сенің жұмысқа орналасуға мүмкіндігің көп болады», - деп ұсыныс жасады Б. Нұрымбетов.

Оның айтуынша,  мамандықтарға сапалы болжам жасайтын болсақ жастарға дұрыс ақпарат беруге мүмкіндігіміз артады.

«Екіншіден жұмыспен қамту саласының саясатын анықтау керек. Жүйені негізге ала отырып біз еңбек нарығындағы жағдайды толық біліп отырамыз және қажет мамандарды дайындаймыз. Мысалы, Үкімет жаппай оқытуға басымдық беріп отыр», - деп толықтырды спикер.

Б. Нұрымбетовтың мәліметінше, елімізде жұмысқа қабілетті 9 млн халықтың 28%-ы білім алмаған, яғни тек орта мектептік білімі бар.

Сонымен қатар, Қазақстанда сұранысы жоғары және төмен мамандықтар анықталды.

«Негізі өндірістік кәсіпорындардың жұмысшыларына сұраныс жоғары. Олар дәнекерлеушілер мен ТжКБ түлектері.  Біліктілігі жоғары маманға сұраныс жоғары. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы мамандарға – дәрігерлер мен медперсоналға сұраныс жоғары. Өткен жылмен салыстырғанда бұл салада жоғары білікті маман қажет», - деп атап өтті министрліктен.

Бұдан басқа, жүк тасушы, ауыл шаруашылығы жұмысшысы, көмекші жұмысшыларға сұраныс сақталып отыр.  Ал, кеңсе жұмысшылары мен әкімшілік персоналына сұраныс төмен.

Естеріңізге сала кетейік,  ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдың қаңтарында күшіне енетін жаңа ұлттық біліктілік жүйесін жасақтады.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика