Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

Қазақстанда Ұлттық біліктілік жүйесі әзірленді

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Ұлттық біліктілік жүйе өз күшіне енеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов ведомство ұйымдастырған отырыс барысында айтты.
Астана қаласы 20 Сәуір, 11:29

Б.Нұрымбетов айтып өткендей,  бүгінгі таңда Қазақстанда 12 жыл бұрын жасалған қызметтер жіктеуіші кәдеге жарап келеді.

«Жаңа Ұлттық біліктілік жүйесі  біліктілікті қалыптастырудағы маңызды негіз болып табылады. Ұлттық біліктілік дегеніміз не? Ол не үшін қажет? Біліктілік жүйесі – жұмыскерлерді  мамандық пен лауазым  бойынша  жоғарыдан ең төменгі қызметке  дейін   бөлетін құжат. Ол  12 мың мамандық пен лауазымды қамтиды», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, болашақта білім беру, жұмыспен қамту, көші-қон және шетелдік жұмыс күшін тарту саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін еңбек нарығын назарда ұстап, жүйелі талдауға мүмкіндік беретін қызметтер жіктеуіші Ұлттық біліктілік жүйесінің ажырамас бөлігі есептеледі.

«Жіктеуіш нақты қызмет түрлері шегінде кадрларға мұқтаждықты болжау жүйесін әзірлеуге ықпал етіп, бұл өз кезегінде нарықтағы нақты сұраныс шамасына қарай білім беру тапсырысын қалыптастыруға жол ашпақ. Сонымен бірге, тиісті қадам жұмыспен қызмет қамту орталықтарына жұмыс берушілер мен іздеушілерді ортақ арнада түйістіруге, кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізуге қажет болмақ», - Б.Нұрымбетов.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда 12 жыл бұрын жасалған қызметтер жіктеуіші кәдеге жарап келеді. Сәйкесінше оны қолдану кезінде белгілі бір қиындықтар туындауда. Бәрінен бұрын, біліктіліктің 4 сатысынан тұратын және бір қызметтер тобында түрлі кәсіптер біріктірілген аталмыш құжат жеткілікті деңгейде нақтыланбаған. Мысалы, мұнай, газ-конденсат шығару бойынша шебер мен бас металлург міндеттері мүлде саналуан болғанымен, бір топқа шоғырландырылған», - деп атап өтті вице-министр.   

Біржан Нұрымбетов, қызметтер жіктеуішімен қатар, еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің тиімді түрде өзара ынтымақтасуының негізгі құралдарына кәсіби стандарттардың да кіретінін келтірді. Өйткені салалық мекемелер нарықтағы зәрулікті елеместен, өз кәсіби стандарттарын орынсыз ұсынатын жайттар жолығуда. Сондықтан халықаралық тәжірибедегідей, кәсіби стандарттарды қызметтер жіктеуішіне сай жасаған жөн.

Вице-министрдің айтуынша,  жіктеуші бес белгіге  дейін кеңейтілді.

«Мәселен, біз бұрындары  қанша дәрігер келетінін айттық. Бірақ, біз қандай сала бойынша екенін білмедік, ол хирург, кардиолог, терапевт және т.б болуы мүмкін. Осылайша, біз  топтарды  426-дан 1313-ке дейін кеңейттік», - деді спикер.

Министрлік биылғы жылдың шілдесіне дейін жаңа  біліктілік жүйесін мақұлдауды жоспарлап отыр.  Бұл ресми  құжат, нормативтік-құқықтық акт болады. Бұл бекітуден кейін  бірқатар жұмыс жүргізу керек.

Д.Жиенқұлов





Яндекс.Метрика