Халықаралық интеграция

Қазақстан және Таиланд екі ел үшін визасыз режим енгізу мәселесін талқылауда

Қазақстанның Таиландтағы елшісі Марат Есенбаев Корольдіктің премьер-министрі Прают Чан-о-чаға Бангкоктегі кездесу барысында Қазақстан және Таиланд азаматтары үшін визасыз режим енгізуді ұсынды, деп хабарлады ҚР СІМ.
Әлемде20 Сәуір , 12:34

Елші Таиланд үкіметінің басшысын Қазақстанның ағымдағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарымен таныстырып өтіп, Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» саясатын іске асыру аясында екі ел кәсіпкерлері үшін мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25 жылдығына орай құттықтау сөздерімен бөлісіп, ынтымақтастықтың даму динамикасын және Қазақстан-Таиланд өзара іс-қимылының одан әрі даму перспективаларын талқылады.

П. Чан-о-ча елшіге Қазақстан-Таиланд қарым-қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, соңғы жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынастардың сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті және өзара тиімді әріптестіктің даму қарқынының одан әрі қолдау табарына сенім білдірді.

Елші премьер-министрге Қазақстан мен Таиланд азаматтары үшін визасыз режим енгізуді ұсынды. Марат Есенбаев визалық талаптарды алып тастау туристер мен кәсіпкерлердің өзара ағымының артатынына және екіжақты ынтымақтастықтың барлық салаларындағы практикалық өзара іс-қимылдың алға басатынына ықпал ететінін атап өтті.

Премьер-министр М. Есенбаевты қолдап, Таиланд барлық ішкі мемлекеттік рәсімдер аяқталғаннан кейін визалық талаптарды алып тастау туралы үкіметаралық келісімге қол қоюға дайын екенін жеткізді.

Таиланд үкіметінің басшысы энергетика саласындағы екіжақты өзара іс-қимыл перспективаларына баса назар аударды.

«Біз энергетика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлеміз. бұл сала Таиланд инвесторлары үшін үлкен қызығушылық туғызады. Сондықтан, Қазақстан басшылығы біздің энергетика саласына инвестицияларымызды қолдайтынына сенім білдіремін», – деп атап өтті П. Чан-о-ча.

Кездесуде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық және Таиландтың Астана көрмесіне қатысуы мәселесі де қозғалды. Премьер-министр Таиланд биоэнергетиканы жаһандық дамытуға өз үлесін қосуға және жаңартылатын энергия көздері саласындағы өз әзірлемелерін Астанада көрсетуге ниетті екенін айтты.

М. Есенбаев Астанада жоғары деңгейде өтетін іс-шаралар жайында айтып берді және Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Қазақстан астанасында өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің жұмысына қатысуға шақырғанын жеткізді.




Яндекс.Метрика