Қазақстан және БҰҮ

Қазақстан БҰҰ Бас хатшысының бейбітшілікті сақтау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарын қолдайды

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау: адам құқықтары және қарулы қақтығыстардың алдын алу» тақырыбына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, оған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ.
Әлемде20 Сәуір , 11:14

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш отырысты аша отырып, әлеуметтік, экономикалық құқықтарды қоса алғанда адам құқықтарына қатысты міндеттемелердің орындалмауы және алдын алу шараларының болмауы себебінен біздің әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы адам айтқысыз проблемалар орын алатынын айтты. БҰҰ басшысы қақтығыстардың себептерін жоюға, билік институттарын нығайтуға көмектесуге, сондай-ақ мұндай бұзушылықтардың алғашқы белгілеріне қатысты әрекет ету механизмдерін анағұрлым тиімді әрі ерте кезеңде жандандыруға шақырды.

Қазақстан атынан сөз сөйлеген ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Ақан Рахметуллин терроризммен және зорлық-зомбылық экстремизмімен тікелей байланысты, адам құқықтарының жан түршігерліктей бұзылуына әкелетін қазіргі қақтығыстар экономикалық дағдарыс, кедейшілік, сауатсыздық пен жұмыссыздық салдары болып табылатынын мәлім етті. А. Рахметуллин Қазақстан БҰҰ Бас хатшысының алдын алу шараларын нығайту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарын толық қолдайтынын жеткізді. Осыған орай, қазақстандық дипломат Елбасының әлемді соғыс қаупінен құтқарып, оның себептерін жоятын стратегия әзірлеуге шақыратын «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі, сондай-ақ Президент Н. Назарбаевтың БҰҰ жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ұсынысы туралы айтып өтті.

«Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаумен қатар, адам құқықтарын қорғау және көтермелеу мәселелері де БҰҰ қызметінің іргелі негіздері болып табылады және бір-бірін толықтырып отырады. Бейбітшілік пен тұрақты даму – адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етудің анағұрлым сенімді шарты», - деп атап өтті А. Рахметуллин.

Жалпы, Кеңес мүшелері жиі адам құқықтарының жаппай, қатаң және жүйелі бұзылуы туындаған дағдарыстың немесе қарулы қақтығыстың белгісі болады деген ортақ пікірге келіп, мұндай құқықтарды сақтау қажеттігі жайында сөз қозғады.

Осы ретте, ҚР Сыртқы істер министрлігінде бірқатар делегациялар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің адам құқықтарына қатысты өкілеттіктерін кеңейту қажеттігі жайында ой білдіргені айтылды, бұл жекелеген елдердегі жүйелі бұзушылықтардың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретінімен түсіндірілді. Сонымен бірге, басқа қатысушылар мұндай позицияны қолдамайды, олардың ойынша, адам құқықтары осы мақсатта арнайы құрылған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі  кеңесінде қаралуы тиіс. 




Яндекс.Метрика