Инвестициялар

Жамбыл облысы мен Иран бірлескен кәсіпорын ашады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың инвестицияларды тарту, өнеркәсіпті әртараптандыру және басқа елдермен әріптестік байланысты нығайту туралы тапсырмасын іске асыру аясында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Иран Ислам Республикасының Гилян провинциясына жұмыс сапармен барды.
Әлемде20 Сәуір , 08:43

Жамбыл облысы әкімдігі хабарлағандай, іс сапар барысында аймақ басшысы Гилян провинцияссының губернаторы М. Наджафимен кездесіп, өңірлер арасындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда - экономикалық, рухани-мәдени байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Жалпы экономикалық талдау көрсеткнедей, Жамбыл облысының Иран Ислам Республикасымен тауар айналымы 2016 жылы 919 мың АҚШ долларын құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 7 еседен астам ұлғайды. Ал, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 802,5 мың АҚШ долларына жетті, экспорт көлемі 780,7 мың АҚШ долларын, импорт 21,8 мың АҚШ долларын құрады.

«Негізі Жамбыл облысы арқылы Иранға пияз, кептірілген жасымық пен бидай экспортталса, біздің аймаққа Ираннан құрма, құрылыста пайдаланатын заттар, резеңке бұйымдары, тоқыма материалдары, шыны ыдыстар, қара металлдан әзірленген бұйымдар, радиаторлар, электр шамдар және басқа халық тұтынатын тауарлар импортталған», - деп атап өтті К.Көкірекбаев.

Сондай-ақ, Иран елінен жалпы көлемі 62,2 тоннаны құрайтын құрма, авокадо, манго, гарциния секілді жемістер жеткізілген. Бүгінгі күнге аймақта мақсарыны қайта өңдеу және оның майын өндіру бойынша «ҚазИрАгро» серіктестігімен бірлескен құны 5,7 млн. АҚШ долларын құрайтын жоба іске асырылды. 2016 жылы бұл кәсіпорын шамамен 190 млн.теңгеге 600 тонна өнім өндіріп үлгерді. Бұған қоса «Меркі ет» компаниясы Иранға жылына 3 мың тоннаға дейін ірі қара және ұсақ мүйізді малдың етін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде.

«Үш күндік жұмыс сапары кезінде жамбылдық делегация Рәшт қаласындағы Шәһид Әнсари атындағы кәсіптік-техникалық оқу орталығы мен Әнзәли еркін сауда-өнеркәсіп аймағы мен айлағының жұмысымен танысып, сондай-ақ, Уылдырықты балық институтының жұмысын көзбен көрді», - делінген хабарламада.




Яндекс.Метрика