Парламент

Мәжіліс білім саласындағы әлеуметтік мәселелерді реттеуге бағытталған заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата білім беру саласындағы әлеуметтік мәселелерді реттеуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Астана қаласы19 Сәуір , 19:21

Нақтылай кететін болсақ, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша түзетулерге арналған заң жобасы әр азаматқа техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін қазақстандық оқу орындары мен шетелдік білім беру орындарында оқуына ақы төлеу үшін ақшалай қаражатын екінші деңгейлі банктердегі депозиттерде жоспарлы түрде жинақтауға мүмкіндік береді. Білім беру жинақтау салымдары бойынша жинақталған қаражатқа мемлекет тарапынан көтермелеу мен салық жеңілдіктері және екінші деңгейдегі банктер тарапынан сыйақы қарастырылған.

Мәжіліс хабарлағандай, бұл ретте салымшыларды басым санатқа жатқызуды растауға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдардың тізбесін кеңейте отырып, басым санат бойынша (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде кәмілетке толғандар, бірақ жиырма үш жастан аспағандар) мемлекеттің сыйақысын алу құқығын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Депутаттар тарапынан оң бағасына алған тағы бір құжат Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау(әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы бойынша). Аталған банк әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасын қаржыландыруға 80 млн. АҚШ доллары көлемінде, 15 жылға қарыз береді. Басты мақсат елімізде әлеуметтік медициналық сақтандырудың ұлттық жүйесін енгізуге қолдау көрсету, медициналық көмек көрсету жүйесін нығайту. Сондай-ақ, жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары коллекторлық қызмет және оған ілеспе заң жобалары бойынша Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

Ал, балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы және оған ілеспе заң жобалары, сонымен қатар, халықаралық Валюта Қорына, халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, халықаралық Қаржы Корпорациясына, халықаралық Даму Қауымдастығына, инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне мүшелiгi туралы» Заңға өзгерістер енгізуге қатысты заң жобасы бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды.




Яндекс.Метрика