Парламент

Сенаторлар шағын мектептердің жабылуына қарсы

Павлодарда Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті. Оған облыс басшылығы мен аймақ активі қатысты.
Павлодар 19 Сәуір, 17:58

Шараны ашқан комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында білім жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойғанын атап өтті. Мақалада ұсынылған идеялар, оның ішінде ерекше орын алатын «білімнің салтанат құруы» идеясы еліміздің мектептерінің келбетін өзгертуге тиіс.

Б.Әйтімова жиналғандардың назарын Мемлекет басшысының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деген сөзіне аударды.

Сенат депутаттары алдында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев баяндама жасады. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері де аймақты аралаған екі күннен кейінгі өздерінің көрген-түйгендерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

 Атап айтқанда, депутат Владимир Редкокашин көпшілігі ауылдық жерлерде орналасқан шағын мектептердің проблемаларын шешу қажеттігін атап өтті.

«Мектептерді оңтайландыру - өте жағымсыз құбылыс, тіпті шалғайда жатқан елді мекендерде де мектептердің жабылуына жол бермей сақтап қалу қажет», - деді сенатор В.Редкокашин.

Депутаттар Әли Бектаев пен Нұрлан Қылышбаев мұндай мектептерді мамандармен және қаржылай қамтып, бірнеше пәндерді үйлестіре оқытып жүрген мұғалімдерге еңбекақы төлеудің қағидаларын қайта қарауға шақырды. Депутаттар Жабал Ерғалиев пен Төлеубек Мұқашев мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беру мен интеллектуалдық және рухани дамуы мәселелеріне, оларды шығармашылыққа, музыка, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарды үйренуге тартудың келешегіне тоқталды.

Баяндамашылар бұл орайда, басқа аймақтар Павлодар облысының тәжірибесін пайдалана алады деп атап өтті. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова сенаторлардың ұсыныстарын қорытындылай келіп, Павлодар облысына сапар өзекті және жемісті болды деп мәлімдеді.

Сапар барысында депутаттар 40-тан астам қала және ауыл мектептерінің жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Парламентшілер Павлодар, Ақсу мен Екі­бастұз қалаларында, Ақтоғай, Қашыр, Лебяжі, Успен, Шарбақты аудан­дарында ұстаздар қауымымен, оқушылармен кездесті. Депутаттар аймақ білім беру жүйесінің табысты жұмыс істеуінің үлгісі бола алады деген ортақ пікірге келді.

Облыста 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі біліммен (кейбір аудандарда, мысалы, Ақсу, 2-ден 6 жасқа дейінгі балалар) толық қамтылған. ҰБТ нәтижелері бойынша тіпті, ауыл мектептері жақсы нәтиже көрсетті. Депутаттар көптеген мектептерде шахмат, робототехника сыныптарының болғанына, жоғары жылдамдықты интернетпен, қазіргі заманғы спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілуіне риза болды.

Б.Әйтімова өз сөзінде білім және ғылым министрлігін шағын мектептер мәселелерін тиімді шешуге және оқытушылардың еңбекақысының лайықты болуын шешуге шақырды.

Палата хабарлағандай, комитеттің көшпелі отырысының қорытындылары бойынша үстіміздегі жылғы ІІІ тоқсанның соңында Сенатта «Орта білім беру жүйесін заңнамалық реттеудің ахуалы, проблемалары мен келешегі» атты тақырыпта парламенттік тыңдау өткізу жоспарланды.

 





Яндекс.Метрика