Мәдениетті жаңғырту

Түркістанда ТҮРКСОЙ фотосуретшілерінің кездесуі өтті

Түркістан қаласында «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында TURKSOY ұйымына мүше елдер арасында фотосуретшілердің кездесуі өтті, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Южно-Казахстанская область 19 Сәуір, 11:57

Фотосуретшілер кездесуіне Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан мен Қазақстанның Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кәсіби 16 фотосуретші шақырылды.

Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени этнографиялық орталық базасындағы  кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков -  қоғам шындығын тарихта қалдыратын фотосуретшілер екенін атап өтті.

«Жалпы фотоөнер дегеніміз - фотосуретті негізгі ойды білдіру құралы ретінде қолданатын өнердің ерекше түрі. Сонымен қатар, фотоөнер – журналистиканың ұшқыр саласы. Ол – қасқағым сәттің шежіресі. Ерекше қырағылықты, ептілік пен қағілездікті талап етеді. Кәсіби маман түсірген суреттің өзі  «сөйлеп» тұрады. Бүгінде тақырыпты бір     кадрмен-ақ ашатын, тосын сәтті қағып түсіп,  адамның болмысын қасқағым сәттік бейне арқылы ашатын шеберлер аз десек, солардың  бірегейлері – бүгінгі кездесуде жиналып отыр»,-деді Ұ.Сәдібеков. 

Бұл шараны ұйымдастырудың негізгі мақсаты - Тәуелсіз еліміздің тарихи-мәдени мұраларын, сәулеттік ескерткіштерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын тарихи орындары мен әсем табиғатын насихаттау арқылы түркі тілдес елдердің  талантты фотосуретшілерімен  тәжірибе алмасу болып табылады.

Фотосуретшілер 4 шығармышылық топқа бөлініп, оңтүстік өңірінің барлық аудандары мен қалаларында, тарихи-мәдени ескерткіш орындарында жұмыс жасады. Жекелеп айтсақ, І-ші топ Түркістан, Кентау, Отырар, Қаратау қорығы аймақтарында, ІІ-ші топ Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай аудандары мен қалаларында, ІІІ-ші топ Созақ, Бәйдібек, ІV-ші топ Түлкібас, Төле би, Сайрам аудандарында шығармашылық фото жұмыстар жасады. Түсірілген фотосуреттерден арнайы көрмеге 100 дана фото жұмыстар қойылды.

 





Яндекс.Метрика