Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толды

Масқатта Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі Ержан Мұқаш Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25-жылдығына орай брифинг өткізді, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Әлемде 18 Сәуір, 20:19

Аталған іс-шараға Оманның ірі ақпараттық агенттіктері, баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстандық дипломат журналистерді еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктерімен, Қазақстанда өтіп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларымен таныстырды. Атап айтқанда, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» атты Жолдауы, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша конституциялық реформаларынан хабардар етті.

Сондай-ақ, Мұқаш Е. еліміздің сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы  ҚР-ның БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі туралы айтты, сонымен қатар Оман азаматтары мен тұрғындарын биылғы  10 маусым – 10 қыркүйек аралығында Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмеге келуге шақырды.

Қазақстан-Оман арасындағы қарым-қатынастарының негізгі даму кезеңдерін айту барысында Елші өткен ширек ғасыр ішінде екі ел арасында достық пен сенімді қарым-қатынастар орнағанын атап өтті. Қазақстан Республикасымен саяси және экономикалық байланысты орнатқан алғашқы елдердің бірі болып саналатын Оман Сұлтандығы еліміздің араб әлеміндегі маңызды және сенімді серіктесі екендігі туралы атап өтілді.

Іс-шара соңында Оманның БАҚ өкілдеріне «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының  мәтіндері, сондай-ақ«ЭКСПО-2017», Қазақстанның БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі қатысты ақпараттық материалдар мен имидждік өнімдер таратылды.

ҚР Елшісі брифингінің негізгі мазмұны Оманның бірқатар басылымдарында жарияланды.





Яндекс.Метрика