Халықаралық интеграция

Қазақстандық өндірушілер Ауғанстан нарығына шықты

Кабулда «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы мен Ауғанстандағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен қазақстандық тауар мен қызмет өндірушілердің 2-ші сауда миссиясы өтті.
Әлемде18 Сәуір , 18:09

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясынан хабарлағандай, шара аясында Ауғанстан нарығына  құны 11 млн доллардан асатын азық-түлік өнімдері мен құрылыс заттарын жеткізу туралы келісім жасалды.

Дәл осындай алғашқы шара 2013 жылы өткізілді. Нәтижесінде, Ауғанстанның нарығына жалпы сомасы 27 млн доллар құраған қазақстандық өнімді жеткізу туралы келісімге қол жеткізілген болатын.

Ал, осы сауда миссиясы бизнес-форум форматында өткізілді. Оған азық-түлік өндіретін 11 отандық кәсіпорынның және 90-нан астан ауғанстандық компаниялардың өкілдері қатысты.

Қазақстандық бизнестің сауда миссиясына ауғанстандық тарап үлкен қызығушылық танытып, олармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, Ауғанстан Сауда-өндіріс палатасының өкілдері қазақстандық тауардың сапасын жоғары бағалап, жергілікті нарықта оған деген сұраныстың жоғары екенін мойындады.

«Біз Ауғанстан нарығын отандық экспорттаушылар үшін әлеуеті зор нарық ретінде қарастырамыз. Біз әр тоқсан сайын экспортқа қызығушылық танытып отырған отандық тауар өндірушілерді жіберуді жоспарлап отырмыз. Олар үшін Қазақстан Елшілігі мен ауғанстандық Сауда-өндіріс палатасы бірлесіп кездесулер ұйымдастыратын болады», - деп атап өтті «KAZAKH INVEST»ұлттық компаниясының басқарушы директоры Асқар Арынов.

Өз кезегінде, сауда миссиясына қатысушылар –  қазақстандық тауар өндірушілер мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шараларының маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2016 жылдың қорытындысы бойынша 489,4 млн долл құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 30,7%-ға көп. Қазақстаннан Ауғастанға экспорт 30,7%-ға артып, 486,9 млн долларды құрады. Бұл соңғы 5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. 




Яндекс.Метрика