Үкімет

Еліміздегі фармацевтика өндірісі 25% артқан

Өнеркәсіп, фармацевтика өндірісінің көрсеткіштері 2017 жылғы бірінші тоқсанда едәуір өсті. Бұл туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министрге есеп беру барысында мәлім етті.
Астана қаласы18 Сәуір , 13:46

«Биылғы жылғы бірінші тоқсан қорытындылары бойынша өнеркәсіптік өндіріс көлемі – 5,8%-ға, соның ішінде тау-кен өнеркәсібінде – 5,6%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 6,5%-ға өсті. Кен өндіру секторында түсті металдар өндіру көлемі 10,8%-ға ұлғайса, темір кенін өндіру көлемі 11,4%-ға өскен», - деп нақтылады министр.

Оның мәліметі бойынша, фармацевтика өнеркәсібінің өндіріс көлемдері 25%-ға өскен. Құрылыс материалдары өндірісінде де 7,8% өсім байқалады. Бұл құрылыс көлемдерінің ұлғаюымен байланысты.

Пайдалануға берілген жаңа ғимараттар ауданының жалпы көлемі 52,4%-ға өскен. 

«Машина жасау саласындағы өсім – 1,8%, биылғы жыл ішінде бұл көрсеткіш тағы өседі деп күтілуде. Өнеркәсіптегі төмендеу химия өнеркәсібі өнімі бойынша ғана орын алды, ол 1,2% құрады. «Қазфосфат» ЖШС-дағы төмендеу еуропалық нарыққа сату көлемдерінің азаюына байланысты орын алды», - деп атап өтті Ж. Қасымбек.

Жалпы, 2017 жыл қорытындылары бойынша өнеркәсіп салалары бойынша барлық жоспарларға қол жеткізу жоспарланып отыр.

«Көлік кешені бойынша өсім 3-4% құраса, жүк айналымы 5,4%-ға ұлғайып, 125 млрд тонна км құрады. Теміржол көлігімен жүк тасымалдауда елеулі өсім байқалады. Жүк тасымалдау 15,7%-ға өскен. Құрылыс бойынша физикалық көлем индексі қаржыландырудың барлық көздері бойынша 107,1% құрады, тұрғын үй құрылысына 174 млрд теңге бағытталды, ондағы өсім 13,8% құрайды. 3 млн 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 125%-ды құрайды», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Жалпы, Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші тоқсанда қаржыны игеруі 170 млрд теңгені немесе жоспардың 95,4%-ын құраған.        

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика