Үкімет

Бірінші тоқсанда ЖІӨ 3%-ға өсті - ҚР ҰЭМ

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 3%-ға өсті, ал өткен жылдың дәл осы кезеңінде ЖІӨ 0,1%-ға төмендеген болатын. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов хабарлады.
Астана қаласы18 Сәуір , 11:21

Министрдің мәліметі бойынша, мұнай бағасы барреліне 54,1 доллар  деңгейінде тұрақтады. Ал, металға деген бағаның индексі 5,2%-ға артты.

«Қазақстан экономикасы жаңа сыртқы жағдайларға бейімделуді аяқтап, өсімді қайта қалпына келтіруге көшті десе болады.  Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздің ЖІӨ-сі 3%-ға өсті. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде ЖІӨ 0,1%-ға төмендеген болатын. Экономика өсіміне өндіріс, құрылыс, көлік, сауда мен ауыл шаруашылығы серпін берді», – деп атап өтті  Т. Сүлейменов.

Ведомство басшысы хабарлағандай, бүгінде өндіріс саласының шырайы кірген,онда өсім 5,8% құрады.  2016 жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш 0,8%-ға төмендеген еді.

Сонымен қатар, ЖІӨ көрсеткішінің артуына ауыл шаруашылығындағы өндірістің артқаны оң ықпалын тигізді.

«Бүгінде ел экономикасының өсіміне елеулі үлес қосып отырған салалардың алдыңғы қатарында құрылыс көш бастап тұр. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстары 7,1%-ға артса, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 25,3%-ға өсті», – деп бөлісті министр.

Айта кетейік, құрылыс саласына үлкен сұранысты «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары қамтамасыз етіп отыр. Бұл өз кезегінде инвестициялық белсенділікке оң әсерін тигізді. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 3,1%-ға артты.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика