ҚР Президентінің Жолдауы

ҚР Салық кодексі: қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтуде?

Эксклюзив
2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Салық кодексіне және онымен байланысты заңдарға бірқатар өзгерістер күшіне енді. Олардың ішіндегі ең қызықты әрі маңыздылары жайында «Finex-Audit» консалтингтік компаниясының директоры Сәкен Қарин Strategy2050.kz ақпараттық агенттігіне берген айрықша сұхбатында айтып берді.
Астана қаласы18 Сәуір , 09:53

- ЖК тіркеу 2017 жылдан бастап хабарлама тәртібіне көшкені белгілі, осы жайында толығырақ тоқталып өтсеңіз.

- ЖК тіркеу 2017 жылдан бастап хабарлама тәртібіне көшті, оған сәйкес, жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу үшін тікелей мемлекеттік кірістер органына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша хабарлама ұсынады. Осы ретте жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру жөніндегі норма алынып тасталды. Тіркеу деректері өзгерген жағдайда жеке кәсіпкер оның тіркеу деректері өзгерген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша салық органына хабарлама беруге міндетті.

- Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін мүлік салығында өзгерістер бар ма?   

- 2017 жылдан бастап үшінші топтағы мүгедектер меншік құқығындағы барлық мүліктің жалпы құнынан 1,5 еселенген АЕК шегінде мүлік салығын төлеуден босатылады. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары өздерінің жылжымайтын мүліктерін жалға берген жағдайда мүлік салығын жалпы тәртіппен төлейтін болады.

- ҚР Салық кодексіне мемлекеттік кірістер органдарының резиденттікті растайтын электрондық құжаттарды қабылдауы бөлігіне қатысты енгізілетін жаңалықтар туралы айтып өтсеңіз?

- Салық кодексінің 219-бабының 4 және 5-тармақтарына мемлекеттік кірістер органдарының резиденттікті растайтын электрондық құжаттарды қабылдауы бөлігінде жаңа өзгерістер енгізу көзделген. Бұл норма қазақстандық заңнама нормаларын салық органдарының резиденттікті растайтын құжатты қағаз жүзінде де және электрондық түрде де қабылдау және беру мүмкіндігі көзделетін салық салудың халықаралық практикасының нормаларына сәйкес келтіру мақсатында ұсынылған болатын. Қазіргі уақытта Салық кодексінің 219-бабына сәйкес, бейрезидент қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттарды қолдану үшін резиденттікті растайтын құжатты дипломатиялық (консулдық) заңдастыра отырып, қағаз жүзінде ғана ұсынуға міндетті. Сонымен бірге, халықаралық практикада жекелеген елдер құзырлы органдардың ресми сайттарында орналастыру арқылы электрондық түрде (қағаз тасығышсыз) резиденттікті растауға көшкен (Грузия, Испания, Молдова, Чехия және тағы басқалары). Осылайша, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттардың ережелерін қолдану мақсатында мемлекеттік кірістер органдары бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжаттың қағаз жүзіндегі нұсқасымен қатар электрондық нұсқасын да қабылдауы тиіс

- 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеушілерге салық органына өздерінің телефон нөмірлері мен электрондық пошта мекенжайлары туралы мәліметтерді ұсыну құқығы берілді. Осы жаңа енгізілім неге бағытталған?

- Салық кодексінің жаңа 661-1-бабы енгізілді, онда салық органдарының интернет-ресурстарында орналастыру, коммуналдық қызмет көрсетушілер есеп айырысу үшін қолданатын құжаттарда көрсету, салық төлеушінің электрондық пошта мекенжайына жіберу, салық төлеуші ұсынған ұялы телефон нөмірлеріне СМС-хабарлама жіберу арқылы жеке тұлғаларға салық органдарының мүлік салығы, жер салығы және көлік салығы бойынша салық міндеттемелерінің сомаларын есептеуі туралы ақпарат беру тәртібі айқындалған. Ол үшін 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеушілерге салық органына өздерінің телефон нөмірлері мен электрондық пошта мекенжайлары туралы мәліметтер ұсыну құқығы берілген.  

- ҚР Салық кодексіне атап өтуге тұрарлықтай тағы қандай маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді?

- Салық кодексінің 427-бабының 2-1-тармағын және 438-бабына өзгерістерді енгізу 2017 жылдан 2018 жылға ауыстырылды, оларға сәйкес, шағын бизнес субъектілері үшін арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер жалпы белгіленген тәртіппен салық есептілігін ұсынуға және бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді (МЗЖ мен әлеуметтік аударымдар) төлеуге, яғни есептілікті тоқсан сайын тапсыруға, ал төлемдерді ай сайын төлеуге тиіс. 200.00 және 210.00 нысандары ЖТС және әлеуметтік салық (СЕН 200.00) бойынша декларацияның бірыңғай нысанына біріктірілді, ол 2017 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін болады.

Сондай-ақ, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап сауда объектілерін, сауда объектілеріндегі, соның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын жалға немесе пайдалануға тапсыратын салық төлеушілерге жыл сайын СЕН 871 «Жалдау (пайдалану) шарттарының тізілімі» салық есебін тапсыру міндеттемесі жүктеледі. Тізілімді тапсыру мерзімі – есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кеш емес. Осы салық есебі жалға берушілердің сауда объектісі туралы мәліметтерді көрсету үшін арналғандықтан, тізілім нысанында ресми сипатқа ие.

- ҚҚС қатысты қандай өзгерістер орын алды?

- 2017 жылы ҚҚС бойынша есепке қою үшін қолданыстағы ең төмен бастапқы мән 30 000 АЕК мөлшерінде сақталып, кейіннен 2018, 2019 және 2020 жылдары кезең-кезеңмен төмендетілмек, сондай-ақ ҚҚС бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қою жөніндегі норма қалпына келтірілді. 2017 жылғы 1 мамырдан бастап ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою және есептен алу тәртібі өзгереді. ҚҚС бойынша есепке қою үшін келушінің қағаз түрінде немесе электрондық нысанда өтініші беріледі. Салық органы салық өтініші берілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде салық төлеушіні ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қояды, осы ретте өтініш берген адамдар ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін салық өтінішін берген күннен бастап ҚҚС төлеушілер болып саналады.

- Ал ҚҚС бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қоюға қатысты не айтар едіңіз?

- ҚҚС бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қою кезінде де осындай тіркеу мерзімі қарастырылған. Осы ретте есепке қою келесі тәсілдердің бірі арқылы: 1) жеке келген кезде қағаз жүзінде немесе электрондық нысанда ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою туралы салық өтінішін беру арқылы; 2) Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде резидент – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде жүргізіледі. ҚҚС бойынша есепке ерікті түрде қоюдан бас тарту шарттары алынып тасталғанын айта кеткен жөн. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органының шешімі бойынша ҚҚС бойынша тіркеу есебінен алу үшін жаңа негіз қосылды. Заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану салық органының шешімі бойынша ҚҚС бойынша тіркеу есебінен алуға негіз болып табылады. Бұдан бөлек, тіркеу есебінен алу тәртібі мен мерзіміне басқа да түзетулер енгізілген.  

- Кәсіпкерлерге жеңілдіктер немесе жақсы жағдайлар жасау үшін нені өзгерту қажет деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, сілтемелік нормаларды азайту арқылы ҚР Салық кодексін барынша оңайлату, сондай-ақ Салық кодексінде бар анықтамаларды нақтылау керек. Қазіргі күйінде Кодекс кейбір жағдайда түсініксіз болып келеді. Салық кодексінің кейбір баптарын әркім әр түрліше ұғынады, бұл шын мәнінде кәсіпкердің қызметін тежейді.  Салық заңнамасының егжей-тегжейін толық білмейтін кәсіпкерді былай қойғанда, кейде, маман бола тұра, менің өзіме де оны түсіну оңайға соқпайды. Мысалы, инвестициялық салық жеңілдіктерін қолдану сияқты жеңілдіктер іс жүзінде қолданылмайды, себебі бапта көрсетілген оларды қолдану тәртібі анық емес. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде ҚР Салық кодексін  оңайлату туралы текке сөз қозғамаған болатын. Кәсіпкерлік қызметін жақсарту үшін Салық кодексін оңайлату бағытында жұмыс жасау қажет деп ойлаймын.

- Биылғы жылдың шілдесінен бастап ҚР салық заңнамасына тағы да бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отырғаны белгілі. Осы жайында не айтасыз?

- Қазір ҚР жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы әрбір салық төлеуші ҚР жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу үшін өз ұсынымдарын бере алады. Кәсіпкерлер осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз ұсыныстарын белсенді түрде ұсынуы тиіс. БҚО және Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаменттері жанындағы Консультациялық кеңес мүшесі бола отырып, мен де салық заңнамасына өзгерістер енгізу мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер мен семинарларға қатысып, салық заңнамасын жетілдіруге қатысты өз ойымды білдіріп отырамын. Жаңа Салық кодексі анағұрлым нақты болып, онда салық заңнамасының ережелері анық әрі түсінікті болады деп ойлаймын.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика