Басқару

Ж.Жүкенов: Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі жаңа тақырып емес

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі жаңа тақырып емес. Біз бұл мәселеге қайта оралып жатырмыз. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының қабылдау бөлімінің жетекшісі Жұмажан Жүкенов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы туралы Strategy2050.kz АА берген сұхбатында мәлімдеді.
Астана қаласы17 Сәуір , 11:32

«Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында саяси реформа мен экономикалық өзгерістерді іске асыру мен дамытуды қарастырған болса, мына мақала ұлттың сана-сезімін жаңғыртуды мақсат тұтқан. Екі құжат бір бірімен тығыз байланысты және өзара сабақтас. Сонымен қатар, бұл мақаланың ұлт жоспары ретінде мерзімінің ұзақ болатынына сенімдімін. Өткені, ұлттың сапалық өсіп-өнуіне аз уақыт кетпейді», - деді Ж.Жүкенов.  

Оның айтуынша,  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – Ұлы Дала Еліне бүгіннен бастап, болашақта да ондаған жылдар бойы бағыт-бағдар беретін бірегей құжат.

«Одан да тереңдетіп айтар болсам, бұл мақала Ұлт пен Мемлекеттің ара қатынасын одан әрі анықтап, бекемдеп берді. Ұлт өз өзегін тауып, оңы мен солын танып, болмысын бекемдей бастаған жерде мемлекеттің болашағы тіпті де нұрлана түседі. Қысқасы, екі құжаттың негізінде мен бүгін Қазақстаннан нағыз Мәңгілік Елдің бейнесін көріп тұрмын», - деді ол.

Елбасы Жолдауында алға қойылған ауқымды жобаларды іске асыру үшін, әрине, жаңа дәуірге лайық, әлемдік ауқымнан қалмай ілесе білетін ұлттық сана-сезім керек. Міне, соның бастау көзі, табан тірейтін негізі осы Елбасы мақаласы.

Сол үшін бәріміз адал жұмыс атқаруымыз қажет. Тек, іске білек түре кірісіп, айтылған әрбір мәселені тинақты, өз уақытында сапалы жүзеге асыруымыз керек.

«Мақалада жастарға үлкен сенім атқарылып отыр. Тек білімді ұрпақтың ғана келешегі бар. Ал, елімізде білімді ұрпақты жетілдірудің іргетасы қаланып қойылған. Ол – Қазақстанда ашылған заманауи университеттер, зияткерлік мектептер. Енді соны Елбасы мақаласында айтылған «Ұлттық код», «Латын әліпбиі», «Әлемнің таңдаулы 100 оқулығы», «Туған жер» жобаларымен байланыстыра білуіміз тиіс», - деп атап өтті Ж.Жүкенов.

Ж.Жүкенов  атап өткендей,  ғасырлар тоғысында уақыт өзі мүмкіндік берген бұл сәтті ұтымды пайдалануымыз керек дегенді айта келе, көреген басшы мұндай шараның мың жылдық тарихта алғаш ұсынылып отырғанын жеткізеді. Оны орындау – тек жастардың емес, бүкіл қазақстандықтардың парызы.

«Бұл орайда мемлекеттік органдар, әсіресе, білім және ғылым, инновация және даму министрліктері т.б. жергілікті әкімдіктер, яғни атқарушы билік органдары арнайы іс-шаралар бекітіп, жұмыс бағдарламаларын жасауы тиіс», - деді ол.

Қайрат Жандыбаев 




Яндекс.Метрика