Мәдениетті жаңғырту

«Қазақфильм» киностудиясы Балуан Шолақ туралы көркем фильм түсіреді

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Дулат Исабековтің сценарийі негізінде Балуан Шолақ туралы толықметрлі көркем фильм түсірмек, деп хабарлады киностудияның баспасөз қызметі.
Казахстан17 Сәуір , 10:49

Киносценарий М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жазылған.

Қазіргі таңда түсірілім тобы толықтай жасақталған. Дайындық кезеңінде тұрған түсірілім фильмге қажетті киімдерді тігіп, реквизиттер әзірлеп, декорациялар түрғызып жатыр. Фильмнің түсірілімдері Алматы облысы және Солтүстік Қазақстан облысында өтеді.

«Мен Балуан Шолақ тұлғасына 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүргенімде қатты қызықтым. Сол кезден бастап осы кісі жайлы фильм түсіргім келді. Балуан Шолақтың бойында ақындық, серілік, әншілік және алып қара күш те бар. Оның еліне, жеріне, отанға деген махаббаты әрқайсымызға үлгі боларлық. Менің ойымша бүгінгінің жастары Балуан Шолақтай ерді білуі тиіс.» - деді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.

Фильмнің сценариі бірнеше жыл бойы жазылған және қайта өңделген. Түсірілім тобы фильмнің сапалы шығуы мақсатында кеңесшілерді тартқан. Олардың қатарында: көркемдік жетекшісі С.Нарымбетов, көркемдік кеңесшілері Е.Төлеутай, Б.Ыстыбаев, Б.Беделхандар бар.

Фильмге танымал актерлермен қатар экранға алғаш шығып жатқан актерлер де түсетін болады. Фильмнің режиссері әзірге фильмге түсетін актерлердің есімдерін атаудан бас тартып, қысқа қайырды.

«Актерлер іріктелді. Алайда бас кейіпкерді әзір айта алмаймын. Себебі екі актердің арасында таңдау үстіндемін», - деді ол.

 

 




Яндекс.Метрика