ҚР Президентінің Жолдауы

Емханаға тіркелу барысында медұйымның ыңғайлылығы мен жақындығы ескерілу керек – сарапшы

Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізіледі. Бұл жүйе туралы әр қазақстандық нені білу керек, МӘМС енгізілгеннен кейін қарапайым халық қандай артықшылықтарға ие болады және ұзын сонар кезектер аяқтала ма? Осы және МӘМС жүйесінің өзгеде маңызды сұрақтарына «Strategy2050.kz» АА берген экслюзивті сұхбатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»КАҚ медициналық қызметті жоспарлау және сатып алу бойынша басқарушы директоры Ерік Байжүнісов жауап берді.
Астана қаласы 17 Сәуір, 10:23

- МӘМС жүйесі туралы әр қазақстандық нені білу керек?

- Біріншіден, бұған дейін азаматтың денсаулығына мемлекет жауапты болып, оны емдесе, ендігі кезекте бұл жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші  мен азаматтардың арасында бірдей үшке бөлінді. Екіншіден, мемлекет әлеуметтік аз қамтылған жандар үшін, жұмыс беруші өзінің жұмысшысы үшін, ал жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өздері үшін жарна төлейтін болады. Осы жолмен жиналған қаржы аурухана мен емханаға көрсетілген қызметі үшін кеткен  шығынды өтеуге бағытталады.

Үшіншісі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне барша Қазақстан азаматтары, оралмандар, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер қатысады және бұл міндетті шара.

- МӘМС қарапайым халық пен ауыл тұрғындарына не береді?

- Аталмыш жүйенің әр қатысушысы өзінің жарнасына қарамастан қажетті медициналық қызметке және дәрілік заттарға қол жеткізе алады.

Яғни, бұл жүйе  жоғарытехнологиялы көмек, қымбат ота мен кез келген білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Бастысы Әлеуметтік медициналық сқатандыру қорымен келісім жасалуы керек. Сол кезде Қор барлық шығыныңызды өтейді.

Сонымен қатар, Қор сақтандырылған азаматтардың құқығын қорғайтын болады. Науқас пен емдеу ұйымдарының арасында қызмет пайда болады және ол көрсетілген қызметке науқастың көңілі  толған жағдайда  ғана ақысын төлейді.

- Елімізде 5 сәуірден бастап «Емханаға тіркел – МӘМС жүйесіндегі мәртебеңді анықта» акциясы басталды. Халықтың емханаға тіркелуі қаншалықты маңызды және ол үшін не істеу керек?

- Қай жерде тіркелгеніңізді білу өте маңызды, себебі көп жағдайда азамат басқа жерде тіркелсе, өзі басқа қалада тұрады. Бұл кезде медициналық қызмет көрсетумен көптеген проблемалар туындайды. Ал, тіркелген медициналық ұйымынан азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көмек ала алады.

Тіркелу үшін, өзіңмен бірге жеке куәлігінді ала келіп сол емхананың бас дәрігерінің атына өтініш жазасыз. Мекен-жай анықтамасы қажет емес, тіркелу өтініш келіп түскен күні жүргізіледі.

Екінші жол  – электронды үкімет арқылы онлайн тіркелу. Еgov.kz порталы арқылы өтініш беру керек, бұл қызмет түрі денсаулық бөлімінде қолжетімді. Емханада жауапты қызметкер сіздің өтінішіңізді қабылдап, тіркелу туралы талоныңызды рәсімдейді. Бұл туралы ақпаратты egov.kz порталындағы жеке кабинетіңізде біле аласыз.

Бір азамат тек бір емханаға тіркеле алады. Жаңа медициналық мекемеге тіркелген кезде ескісінен автоматты түрде шығасыз. Емхананы таңдау барысында оның үйіңізге жақын болғанын ескерген жөн.

- Жұмыс істейтін халық қандай артықшылықтарға ие болады?

- Жоғарыда айтылғандай, әр азамат өзінің жарнасына қарамастан барлық медициналық қызмет пен дәрілік заттарға қол жеткізе алады. Барлық сақтандырылған азаматтарға бірдей жағдай жасалады.

Ал, жалдамалы жұмысшылар сақтандыру жүйесіне 2019 жылдан бастап табысының 1%, 2020 жылдан бастап 2% төлейтін болады. Бұл қаржыны жұмыс беруші кәсіпорынның бухгалтериясы арқылы төлейтін болады және жұмысшысына ай сайын ол туралы есеп береді.

- Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қалай сақтандырылу керек? Олар тіркелу барысында нені ескеру керек?

- Бірінші кезекте өз мәртебеңді анықтауын керек. Оны egov.kz. порталындағы арнайы сервис арқылы істеуге болады.

Егер азамат ресми түрде жұмыссыздар қатарында болса, онда ол жеңілдіктер қарастырылған халық санатына жатады және ол үшін сақтандыру жүйесіне жарнаны мемлекет төлейді.

Егер, азамат жұмыссыз ретінде есепте тұрмаса, онда ол есепке тұру керек немесе өзі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 5% төлеу керек. 2018 жылы ол шамамен 1414 теңгені құрайды. Төлемді кез келген екінші деңгейлі банк немесе Қазпошта бөлімделерінде жүргізуге болады.

Емханаларға тіркелу барысында оның үйіңізге жақын болғанын және ыңғайлылығын ескерген абзал. Осылайша азаматқа да және дәрігерге де қажетті медициналық қызметті көрсету үшін жету оңай болады.  

-МӘМС жүйесіндегі тегін медициналық қызмет түрі мен көлемі, топтамасы туралы кеңірек айтып берсеңіз.

- МӘМС қызметтері топтамасына амбулаторлық медициналық қызмет, алғашқы көмек, кеңес беру, стационарлық емдеу, ауруханаға жатқызу, хирургиялық, зертханалық қызметтер, рецептура препараттары кіреді. МӘМС топтамасының толық тізімі кейінірек үкімет қаулысымен бекітіледі.

Жалпы, азамат МӘМС бойынша медициналық қызмет түрлерін соңғы жарнасы төленгеннен кейін үш ай бойы ала алады. Алайда, мерзім аяқталғаннан кейін ол жүйеге қайтып оралу үшін өтіп кеткен мерзімді қоса алғанда кем дегенде 12 айға жарна төлеу керек.

Бұдан басқа, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезең бекітілді, осы уақыт аралығында сақтандырылмағанына қарамастан әр азамат өзіне қажетті медициналық көмекке қол жеткізе алады. Алайда, ол тегін жоспарлы стационарлық көмекке қол жеткізе алмайды, себебі ол тек МӘМС жүйесіне қатысушыларға көрсетіледі.

Сонымен қатар, әр қазақстандық міндетті сақтандыру жарнасын төлеу,  төлемеуіне қарамастан 2020 жылдың 1 қаңтарынан кейінде кепілдендірілген тегін медициналық көмекке қолжеткізе алады. Оған жедел жәрдем, әлеуметтік маңызды ауру түрлерін емдеу, тасымалдау жатады.

- Сұхбатыңызға рақмет.

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика