Басқару

Алматының шығармашыл интеллигенция өкілдері қоғамның жаңғыруын қолдайды

Алматыда қала активтері Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылады, деп хабарлады қала әкімдігі.
Алматы қаласы 15 Сәуір, 11:38

Жиынды ашқан қала басшысы Бауыржан Байбек, бұл өткенімізді бағамдап, болашағымызды нақтылайтын маңызы зор мақала деп, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауды рухани жағынан байыта отырып, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының алғышарты ретінде ұлтымыздың сана-сезімінің жаңғыруын мақсат еткен бағдарламалық құжат деп баса айтты. 

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек – Елбасы мақаласына жан-жақты тоқталып, ұлы мақсатқа қол жеткізудің, яғни жаңғырудың басты 6 құрамдас бөлігін жік –жігімен түсіндірді. Олар: «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті жерлері» жобасы, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы және алтыншы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы.

«Туған жер» бағдарламасын іске асыруда алматылықтардың алар орны ерекше болады деп сенемін. Біздің қала мен оның жауапкершілікті, әлеуметтің мәселелерінен қашпайтын тұрғындары үшін мақалада көрсетілген идеялар мен үлгілер өте жақын. Мәселен, өткен жылдары кәсіпкерлердің қолдауымен қала аулаларында 100-ден астам спорт алаңқайлары ашылып, 10 шақты үлкен балабақша салынды. Мемлекет пен жеке әріптестік қағидасымен 600 оқушыға арналған заманауи талаптарға сай жайлы мектеп тұрғызылды. Тағы біреуінің құрылысы аяқталмақ. Қайырымдылық көмек, меценаттық қолдау қаншама. Осының бәрі түптеп келгенде елге деген перзенттік махаббатпен тығыз байланысты», - деді Бауыржан Байбек.  

Ел еңсесін тіктеп, Тәуелсіздік алған жылдары Алматыда небары 18 ғана, оның өзінде қазақша-орысша тәрбиелейтін мемлекеттік балабақша болатын болса, бүгін оның саны 157-ге жеткен. Мектеп саны 7-ден 65-ке дейін ұлғайып, ондағы бала саны 11 мыңнан 104 мыңға дейін, яғни 10 есеге өскен. Бүгінде үш тұғырлы тіл саясатын дамытуды көздеген жастар мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін жетік меңгеріп, орыс және ағылшын тілдерін еркін игеріп жүр.

«Мәдениеті өскен елдер үлкен елдердің қатарына қосылады. Сондықтан біздің де 30 елдің қатарына қосыламыз деген талпынысымыз бар. Мұнда мәдениет, әдебиеттің рөлі өте үлкен. Сондықтан біз жұмыс істеуіміз керек. Президентіміздің қала мен дала арасын жақындату жөнінде көтерген мәселесін әрқайсымыздың өз саламызда орындау міндетіміз.  Сондықтан да осы руханияттың жаңғыру дер кезінде көтерілген мәселе деп ойлаймын», - деді КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Елбасы мақаласында көпшілік талқылауына түскен мәселелердің бірі – 2025 жылға қарай баспа ісін, іс қағаздар мен оқулықтарды латын әліпбиінде басып шығару болатын. Ал, латын қарпі күнделікті өмірімізге дендеп кірсе, технология тілін түсініп, әлемнің озық елдерімен тереземіздің теңейе түсуіне мүмкіндік артады.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласы адамзат дамуының қазіргідей күрделі кезеңінде ұлт болып ұйысудың, жұрт болып жұмылудың жаңа үлгілерін ұсынатын жаңа тарихи құжат. Елбасы  әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін алға тарта отырып, бәсекелестікке  барынша  бейім ұрпақ өсіруге, оларды күрескер етіп  тәрбиелеуге айрықша тоқталады. Бұл мәңгілік ел үшін тарихи қажеттілік.  Ол үшін сана- сезімізге рухани өзгеріс қажет. Ал өзгеру үшін жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіруге тиіспіз. Біздер әдебиет пен өнер иелері Елбасының рухани жаңғыру деген ұстанымын қолдаймыз. Бұл бізді , халықты қанаттандырады, бұл Елбасымыз  ұсынып отырған ұлы көш», - деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.

Тағы бір үлкен жоба, бұл – «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Ол жоба әлемнің озық, заманауи және таңдаулы үлгілері негізінде жастарға жаңа деңгейдегі сапалы білім беруді қамтамасыз етуді көздейді.

«Елбасы білім саласының дамуына ерекше көңіл бөледі. Себебі ол құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді дегеннің дәлелі. Тәуелсіздік жылдары елімізде 1300 мектеп салынып олардың негізінен қазақ мектебі болып ашылды. Мақалада көрсетілген Президент ұсынған барлық жобалар – латын әріпіне көшу, білім саласын арттыру және басқа да жобалардың барлығын іске асыруда ұстаздар қауымы алдыңғы шепте жүретініне күмәнданбаңыздар», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәмшә Беркімбаева.

Осылайша, Елбасы мақаласында ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы өрістетудің сара жолдарын ұсынады. Активке қатысқан үкіметтік емес ұйым жетекшілері, этомәдени бірлестік өкілдері өз пікірлерімен бөлісті. Жиын соңғында қала әкімі Бауыржан Байбек мақалада айтылған өзге де жайттарға қатысты жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Ал, Елбасы ұсынған ауқымды жобаларды тиімді іске асыру тек мемлекет қана емес, барша қоғам үшін үлкен сын.





Яндекс.Метрика