Халықаралық интеграция

Астана және Бейжің көлік басқару саласында тәжірибе алмасуды жалғастыруда

Астана әкімі Әсет Исекешев Бейжіңге жұмыс сапары шеңберінде Қытай астанасының мэрі Цай Цимен кездесті, деп хабарлады астана әкімдігі.
Әлемде15 Сәуір , 11:06

Жүздесу барысында екі бауырлас қаланың ынтымақтастық перспективалары, соның ішінде Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде Бейжің күндерін өткізу жайы талқыланды.

Ә. Исекешев Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы шеңберінде іскерлік және мәдени байланыстарды кеңейтудегі туристік саланың әлеуеті зор екенін атап көрсетті және Бейжің туристерін ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырды.

ҚХР Халықаралық сауданы қолдау жөніндегі комитетінің ақпаратына сәйкес, ЭКСПО-2017 шеңберінде 300 000 жуық турист Қазақстанға сапарлап келуді жоспарлап отыр. 2017 жылдың 16-18 маусымнан бастап Астанадағы Бейжің күндерінен бастап үш ай ішінде Қытайдың 22 провинциясының делегациялары өз экспозицияларын ұсынып, өздерінің іскерлік әлеуеті мен мәдениетін таныстырмақ.

Ә. Исекешев пен Цай Ци сондай-ақ, Қазақстан елордасында Қазақстан-Қытай жобаларының бірі болып табылатын жеңіл рельсті көлік (LRT) құрылысы жобасын іске асыруды талқылады.

Бұдан басқа, әкім Астана мен Бейжің арасында көлік басқару саласында тұрақты әріптестікті және тәжірибе алмасуды жолға қоюға мүдделілік танытты.

Сондай-ақ, елорда басшылары экономикалық салада ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар бағыттарды белгіледі.

Сонымен қатар, Ә. Исекешев Бейжіңнің көлік жүйесін басқару орталығында болып, Қытай астанасында ірі шараларды өткізу кезінде көлік жұмысын ұйымдастырумен танысты.

Сапар шеңберінде Астана әкімі сондай-ақ, көлік, құрылыс. Индустриялық парктерді, «смарт»-технологияларды дамыту, спорттық нысандарды басқару салаларындағы Қытайдың алдыңғы қатарлы компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Бұған қоса, Ә. Исекешев ШЫҰ хатшылығында болып, ұйымның бас хатшысы Алимовпен Астана қаласының аталған бірлестікпен ынтымақтастық мәселелерін талқылады.




Яндекс.Метрика