Басқару

Рухани жаңғыру - ұлт руханиятын ХХІ ғасырдың биігіне көтеретін бағдарлама

Астана қаласы14 Сәуір , 17:24

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің бас газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көпшіліктің ойында жүрген, қоғамда талқыланып жүрген біраз мәселелердің түйіндерін ашты, деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев.

«Мазмұны терең, ауқымы кең бұл мақала ұлт руханиятын ХХІ ғасырдың биігіне көтеретін бағдарлама іспеттес. Қазақстанның прагматизмге негізделген революциялық емес эволюциялық дамуы ғана ұлттың өркенденуіне мүмкіндік беретінін Президент көрсете білді.Рухани жаңғырудың нақты тетіктерін көрсетіп отырып Елбасы бұл мақалада ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді мықты сақтап, оны жаңа жетістіктермен, адами құндылықтармен байыта отырып дамытуға үндейді», - деді ол.

Елбасы қазақстандықтарға өз үйлері терезелерінен айналада не болып жатыр деп телміріп қарап отырғаннан, сол жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеу қажет екендігін айтты. Ол үшін біз сананың ашықтығына мән беруіміз керек. Таяудағы 10 жылда өмір салтымыз түбегейлі өзгереді: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері.

«Әрбір қазақстандық, әсіресе бүгінгі жас буын осыны түйсініп, Елбасы ұсынып отырған жобаларды өз өмірлерінің серпінді ілгері дамуына септігін тигізетін мүмкіндіктер деп білгені жөн. Қазіргі елімізде білім беру саласында қолға алынып жатырған серпінді, заманауи жобалардың барлығы кемел келешекті меңзеген, өскелең ұрпаққа әлеуметтік лифт болып табылатын мүмкіндіктер кешені. Ендеше оны тиімді пайдалана білуде кенже қалмай, болашаққа талпынған жігерлі жастарымыз көп болсын дейміз», - деді Қ.Жұмашев.

Сондай-ақ, аймақтардың серпінді дамуы – еліміздің дамуын қамтамасыз ететін негізгі фактор.

«Біз «Ауылым – алтын бесігім» деген ұғымды өмір бойы өз жүрегімізде ұстап өтетін халықпыз. Ал сол ауылыңды, өзің туып өскен өлкеңді, білім нәрінен сусындаған мектебіңді ұмытпай көмек беруге шақырған Елбасы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға тапсырма берді. Кез-келген азамат үшін өз туған өлкесіне көмек беру – қасиетті парыздай, тек оның жолы мен мүмкіндіктерін табу мәселе болып келді», - деді хатшы.

«Енді нақты Президенттік жобалар аясында «Менің саған көмегім қабыл алғын туған жер!» деуге әркімге де мүмкіндік ашылатын болады. Айталық, кәсіпкерлер сияқты спорт алаңдарын, балалар алаңдарын өз қаражатына салып бере алмаса да, ұстаз ретінде арнайы дәрістер өткізуге, өлкетану аясында балаларды ізденімпаздыққа тәрбиелеуге, құнды мәліметтер жинақтауға, туған жерінің флорасы мен фаунасын сақтауға, ал дәрігер болса жылына кемінде бір рет сапалы медициналық консультациялар ұйымдастыруға, мүгедек жандарға қол ұшын беруге және тағы осы сияқты изгілікті істер жасау кез-келген кәсіп иесінің, азаматтың қолынан келетіні сөзсіз. Атақты парсы ақыны Фирдоуси айтқан екен: «Өмір теңіз, жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз». Міне, елін ойлаған Елбасының да көксегені осы ғой», - деді ол.

Оның айтуынша, көпшіліктің сөзсіз көңілінен шыққан тағы бір бастама – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы.

«Ендеше, осынау мыңжылдық тарихы бар көне ескерткіштеріміз арқылы Ұлы даланы мекендеген ұлы халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін дүниежүзі қауымдастығына паш ету – бүгінгі ұрпақтың ізгілікті міндеті. Олай болса, Елбасы ұсынып отырған жобаларды түсініп, түйсініп және Өзі ойлағандай дәрежеде жүзеге асыра білу біздерден де патриотизмді, елжандылықты және ізгі жүректі талап етеді. Соған лайықты болайық демекпін», - деп түйіндеді өз ойын Қаныбек Жұмашев.            




Яндекс.Метрика