Адами капитал

2017 жылы инфрақұрылымның 258 нысаны мүгедектер ыңғайына бейімделді

Қазақстанда, 2017 жылдың қаңтар мен наурыз айлары аралығы, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 258 нысаны мүмкіндігі шектеулі жандар мұқтаждығы үшін ішінара бейімделіп, оның ішінде 46-сы жергілікті бюджет есебінен жаңаша кейіпке енсе, 212-сін нысандардың меншік иелері өз қаржысына жөндеді.
Казахстан14 Сәуір , 16:24

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, елімізде жылдың аяғына дейін бейімдеу жоспарланған 3 мың 996 нысан аясындағы 29 ғимарат пен құрылым Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы ауқымында қажетті деңгейге келтірілсе, 1 мың 263 нысан жергілікті бюджет есебінен, 2 мың 704 нысан нысандардың меншік иелері қаражатына тиісті дәрежеде ыңғайланады деп күтілуде.  

Елордада үш айдың ішінде 3 нысанды меншік иелері бейімдеді. Тағы 21 нысанды Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы жетілдіру көзделіп отыр.   

Қазақстанда барлығы мүгедектер жиі баратын әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 36 мың 98 нысаны болса, бұл жерде 28 мың 926 ғимарат пен құрылым мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі тұрғысынан төлқұжаттандырылды.

Төлқұжат алған 10 мың 537 нысан мүгедектерге жартылай ғана қолайлы сипатын аңғартса, 18 мың 389 нысан бейімдеуге зәру және 11,4 мыңы ыңғайлы қалыпқа келтіріліп үлгерген.

Осылайша, бүгінгі таңда, Қазақстанда әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 22 мыңнан астам нысаны ішінара қолжетімді деп танылған.

Биыл 3 мың 201 ғимарат-жайды төлқұжаттандыру межеленуде.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың басынан бері, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменттері әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының мүгедектерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңының талаптарын сақтауға қатысты іріктей отырып 43 және жоспардан тыс 37 тексеріс өткізді. Тексеріс шаралары нәтижесінде, 71 субъектіге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұйғарым жасалып, жалпы сомасы 41,1 млн теңгеге 15 әкімшілік айыппұл салынды.

Еске сала кетсек, қызмет иелерінің және заңды тұлғалардың немесе кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз етпеуі, айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтырады. Қызмет иелеріне салынатын айыппұл мөлшері 50 айлық есептік көрсеткішті құраса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік санатына 400 АЕК болып есептелген.

Қазіргі уақытта, елімізде, 651 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады.

 




Яндекс.Метрика