Білім беру

Қазақстанда қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру жөнінде жұмыс тобы құрылды

ҚР БҒМ қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру жөніндегі жұмыс тобын құрды. Бұл туралы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Астана қаласы 14 Сәуір, 16:41

«Бұл мәселе 2012 жылдан бастап белсенді түрде талқыланып келді, сол кезде арнайы жұмыс тобы құрылып, оған біздің гуманитарлық институттарымыз, соның ішінде тіл білімі институты, философия институты және басқалары кірген еді. Өзбекстан, Әзербайжан сияқты өзге де бірқатар елдердің латын әліпбиіне көшу тәжірибесі зерттеліп, тәсілдері әзірленді», – деді Б. Әбдірәсілов.

Ол қазірдің өзінде жұмыс тобы құрылып, оның құрамына ғалымдармен қатар басқа елдердің мамандары да тартылатынын айтып өтті.

«Мемлекет басшысының жаңа жұмысында нақты мерзімдер айқындалды және соған байланысты жұмыстар басталып кетті. Қазір жұмыс тобы құрылуда, оның құрамына тіл білімі саласындағы ғалымдарымызды, мамандарымызды тартамыз және басқа елдерде осы мәселемен айналысқан адамдарды да шақырғалы отырмыз. Мемлекет үшін – бұл маңызды міндет, ғалымдар тобы тағы да бірқатар жекелеген аспектілер қарастырылатын стратегия бойынша жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, топ жұмысына ҚР БҒМ қызметкерлері де қатысады», – деп хабарлады Б. Әбдірәсілов.

Еске сала кетейік, 2017 жылғы 12 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жыл соңына дейін латын графикасының негізінде қазақ әліпбиінің стандартын әзірлеп, оған толық көшудің соңғы мерзімін 2025 жылға дейін белгілеуді тапсырған болатын.

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика