Адами капитал

Қазақстанда үздік әлеуметтік жобалар байқауы басталды

Елімізде «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық байқауының алғашқы (өңірлік) кезеңі бастау алды.
Казахстан14 Сәуір , 14:53

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, барлық облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында өтінімдерді қабылдап, жеңімпаздарды іріктеумен айналысатын және құрамына әкімдердің мүмкіндігі шектеулі жандар мәселелері жөніндегі кеңесшілері, үкіметтік емес ұйымдардың (әрі қарай – ҮЕҰ), «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалдарының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері және басқа да мүдделі тараптар енген комиссия өз жұмысына кірісті. Бүгінде 13 қатысушы тіркеліп үлгерді.

Байқауда өмірде қиын жағдайға тап болған жандардың бастарына түскен ауыртпалықты жеңілдетуге азаматтық қоғам назарын аудару, оларға күнделікті тіршілікте және шығармашылық қабілеттерін дамытуда тең жағдай жасау мақсат тұтылып отыр.

Жеңімпаз атану жолында қызметтері халықты әлеуметтік қорғау жүйесін өркендетуге бағытталған үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер ұйымдары, жеке тұлғалар, өзге де мекемелер мен ведомстволар бақ сынай алады.

Байқауға қатысуға өтінімдер ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін қабылданатын болады. Өңірлерде бірінші орын иеленген жобалардың түгелі, ҚР ЕХӘҚМ жанындағы байқау лауреаттарын анықтау үшін жасақталған республикалық комиссия отырыстарында қарастырылады.

Үздік әлеуметтік жобалардың таныстырылымы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі, 2017 жылдың қыркүйек айында, Астана қаласында өтеді.

Бұл байқау Қазақстанда бесінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мұндағы басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға, қарт адамдарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, басқа да халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына көмек көрсету. Әлеуметтік жобаларды іске асырудың арқасында өмірде қиын жағдайда қалған 250 мыңнан астам адамға қолдау танытылып, жәрдем жасалды. Оның ішінде 100 мыңнан аса жан шын мәнінде көмекке зәру еді.

Еске сала кетсек, Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» көрмесі 2013 жылдан бері қолға алынып келеді. Осы жылдары байқауға қатысқан 495 әлеуметтік жобаның 94-і өңірлік деңгейде жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың жалпы санынан 17 әлеуметтік жоба жеке қаражат есебінен жүзеге асырылса, 38-іне демеушілер жанашырлық танытуда. Сондай-ақ, 39 жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылуда.




Яндекс.Метрика