Басқару

Рухани жаңғыру : бабалардан мирас болған ізгі қасиеттерді қайта түлету - депутат

Рухани жаңғыру : бабалардан мирас болған ізгі қасиеттерді қайта түлету. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы туралы өз пікірінде Парламент Сенатының депутаты Қайрат Ищанов мәлімдеді.
Астана қаласы14 Сәуір , 12:14

«Ақпарат дәуірі аталатын ХХІ ғасыр бізге өзінің жеделдігімен, жүйріктігімен, өзгерістерімен бірге өзінің жаңа деңгейдегі талаптарымен келіп отыр. Таңертеңгі жаңалық түске дейін ескіріп қалатын заман адамнан білікті болумен қатар ширақтықты да талап етеді. Осындай күрделі уақытта біздің мемлекетіміздің, халқымыздың алдында рухани жаңғыруға бастайтын аса жауапты істер күтіп тұр», - деді ол.  

Депутат айтқандай,  тарихи қалыптасқан біздің ұлттық дәстүрлеріміз ақпарат дәуірінде осы замандағы озық дәстүрлермен үйлесім табуы үшін қажырлылықпен еңбектенуге тура келеді.

«Еліміздің жоғары жетістіктерге жетуіне оның табиғи байлығы емес, адами капитал сапасы, адамдарының білімі мен бәсекеге қабілеті, оны іске асыратындай денсаулық сапасы ықпал етеді. Сондықтан біздің әрбір отандасымыз, әрбір қазақстандық алдына үлкен мақсат қойып, табысқа жетуге ұмтылуы керек, сөйтіп ХХІ ғасырға лайықты болуы тиіс», - деді ол.

Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындайтын міндеттер мен «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлауды көздейді.

Депутаттың айтуынша,  рухани жаңғыру жолында бізге елді елең еткізетіндей тосын жаңалық жасау емес, бабалардан мирас болған ізгі қасиеттерді қайта түлетіп, асылдарымызды ардақтап, ұлттық қазыналарымызды қастерлеп, барымыздың қадірлейтін, адамзатқа игілік пен адамгершілік әкелетін алтын діңгек болған дағдылы дәстүрлерімізді өркендету міндеті тұр. Салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз бен мәдени құндылықтарымыз баршаның игілігіне айналып, құрметтелуі тиіс

«Бүгінгі ұрпақ әр саладан хабардар бола отырып, өз мақсатына жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалана білуі шарт. Біздің болмысымызға тән ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалана білу біздің өз бейнемізді танытады, мінезіміз бен мәдениетімізден хабардар етеді. Ұлттық код сипатындағы ең ізгі белгілер мен игі қасиеттерді сақтай білу – біздің ортақ парызымыз», - деді ол.

Депутат атып өткендей,  ХХІ ғасырда ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлтқа айналуды көздейтін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы іске асырылады. Біздің мәдени құндылықтарымыз бен қазыналарымыз да әлемге кеңінен қанат жаятын болады. Мәдени өнімдеріміз мультимедиа құралдары арқылы көрініс табады.

«Дүрбелеңге толы дүниеде барлық мемлекеттер де заманға сәйкес жаңғыруды қалайды. Уақыт жылдам өзгереді, ғасырлар даму ерекшеліктерімен есте қалады. Уақыт үдесінен шығу үшін жаңғыру біздің өзімізге керек, тарих та сонымен жасалады. Рухани жаңғыру біздің барша қазақстандықтарға жаңа міндеттер жүктейді. Біз ол биікті де бағындырамыз(, - деді депутат.




Яндекс.Метрика