Басқару

Рухани жаңғыру: озығын алып, тозығын тастау – Қ.Тоқаев

Астана қаласы13 Сәуір , 16:40

Елбасы елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынды. Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ, деді ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қатысты пікірінде.

Елбасы атап көрсеткендей, XX ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы дәуір болды. Бұл ақиқат. Мысалы, ашаршылық кезеңінде қазақ халқының жартысынан астамын жоғалтып алдық. Бұл, бүкіл адамзат тарихындағы ең ауқымды қасіреттің бірі және сол кездегі биліктің бүкіл адамзатқа қарсы жан түршігерлік қылмысы.

«Дегенмен, Президент айтқандай, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды. XX ғасырда Қазақстан бірқатар жетістіктерге де қол жеткізді, олардың ішінде индустрияландыру және әлеуметтік инфрақұрылымның негізі қалыптасты. Алайда, осы жерде біз бәріміз, сол кезеңдегі жаңғырудың қазақ ұлтының жаңғыруы болмағанын айқын түсінуіміз керек», - деді Қ.Тоқаев.

Төрағаның айтуынша, нағыз ұлттық жаңғыру тек Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана, Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясының негізінде басталды деп дүдәмалсыз айтуға болады.

«Әлемдегі әрбір ұлттың әлеуеті – бұл тарихтың сабақтарынан үлгі алуы мен тәжірибе жинақтаудағы қабілетіне тікелей байланысты. Мысалы, Қытай XV ғасырда бүкіл әлемдегі жалпы ішкі өнімнің жартысына ие болды. Бірақ, басқа әлемнен оқшауланып, «Күн астындағы» империямыз деп тоқмейілсіген қытайлар индустриялық жағынан әлемдегі дамыған мемлекеттерден кенже қалып, батыс елдері тарапынан басқыншылыққа ұшырады. Ал, XIX-XX-шы ғасырларда азаматтық соғыстың тауқыметін бастан кешірді. Тарихтың сабақтарын ескерген Қытай қазір экономикада, жаңа технологияларды енгізіп пайдалануда едәуір ілгерілеуге қол жеткізді», - деді ол.

Сондықтан, Елбасы халқымызға өз дүниетанымын түбегейлі өзгерту жөнінде нақты кеңес беріп отыр. «Өзімдікі таңсық, өзгенікі қаңсық» деген пайым қазіргі ұғымға мүлдем сай келмейді. Бұл ретте, еліміздің бүкіл дүниежүзіндегі жағымды үдерістерге сәйкес келуі аса маңызды.

«Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болып отыр. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық», - деді Сенат төрағасы.

Біз саяси жаңғыру мен экономикалық реформаларды жүзеге асыруды қолға алып, бүгінгі күнге нақты нәтижелермен жетіп отырмыз. Президент бұл мақсатты толық орындау үшін «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс»,- деп нақты міндет қойды.

Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстынды сақтап қалу. Тарихтың белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»,- екенін атап көрсетті.

«Президент рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып беріп отыр. Оның бірі ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Екіншісі, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау», - деді ол.

Елбасының идеясы тарихқа деген көзқарасты түзету мен ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту жайлы болып отыр. Елбасының «Бізге тарих туралы өздерінің субьективті пайымдарын тықпалауға ешкімнің қақысы жоқ»,- деуі шешімді пікір.

Адамзат тарихына үңілсек, әлемдегі озық өркениеттер ұлттық сипаттан бастау алғандығын білеміз. Үшінші жаңғыруда біз әлемге еліміздің жаңаша бет-бейнесін танытуымыз қажет. Мұнда ең алдымен сапа керек. Біз өткен дәуірден қалған таптаурын қағидаларды өзгертіп, орындалмайтын «елес идеологиялардан» бойды аулақ ұстап, жаңа прагматикалық сипаттағы деңгейге қол жеткізуіміз қажет.

Әлемдегі түрлі революциялар ешқашан оңтайлы нәтижеге әкелген емес. Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жаңғыруы байыпты қалыпта, уақыт талабын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Эволюциялық жолмен жаңғыру қазақстандық даму жолының негізгі кілті екендігін ұғынып, әрбір қазақстандық азаматтың басты бағдарына айналуы тиіс.

Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашады. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық.

Елбасы рухани жаңғыру жолында таяу жылдары атқарылуы тиіс негізгі міндеттерді де нақты анықтап беріп отыр. Соның бірі латын әліпбиіне көшу. Бұл орайда, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдайтын боламыз.

Білім беру жүйесінде дүниежүзінде баламасы жоқ бағдарлама іске асырылатын болады. Әлемдегі ең жақсы әр түрлі тілдердегі 100 оқулық қазақ тіліне аударылады. Бұл халқымыздың білімін әлемдік кеңістікке, ғаламдық деңгейге алып шығуға тың серпін беретіні сөзсіз.

«Президент рухани жаңғыруды жүзеге асыруда, әлемде ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру міндетін қойып отыр. Мәдениетіміздің озық үлгілері әлемдік деңгейде кеңінен танылып, дүниежүзіндегі бәсекеге қабілеттілігі халықаралық деңгейге сай болуы қажет. Мәдениетті жасайтын халық болғандықтан, осы идеяның аясында замандастарымыздың жетістіктерін көрсетуге бағытталған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қолға алынатын болады. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге қол жеткізуге мол үлес қосқан тұлғаларымызды елге танытуды көздейтін жоба болмақ», - деді ол.

Сондай-ақ, Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз екі арнада мұны іске  асыруымыз қажет. Оның бірі ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамуда өз үлесімізді алу. Екіншісі, өткен тарихымыз бен дәстүрлерімізден асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу. Осы орайда, Елбасы ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр.

«Елбасы ұсынған рухани жаңғыру бағдарламасы оны дәйекті түрде жүзеге асыру тұрғысынан жан-жақты талқылау мен зерделеуді қажет ететін маңызды құжат болып табылады. Бұл жерде, немқұрайлық пен дүмбілездік орын алмауы тиіс. Өйткені, бұл мәселе біздің ұлтымыздың болашағы мен рухани әлеуетіне тікелей қатысты. Түптеп келгенде, бұл күйзеліс пен дүрбелеңнің, сонымен қатар,  прогресс пен дамудың алмағайып кезеңінде Қазақстанның экономикалық және технологиялық жаңғыруының идеологиялық негізі. Біз, қазақ ұлты рухани жаңғыру арқылы өркениетті әлемнің ажырамас бөлігіне айналамыз. Бұл біздің тарихи таңдауымыз», - деді Қ.Тоқаев.    




Яндекс.Метрика