Инвестициялар

Алматыда болат құбырын шығаратын зауыт салынады

Алматыда диаметрі үлкен болат құбырлар шығаратын жоғары технологиялық зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлады қала әкімдігі.
Алматы қаласы13 Сәуір , 09:42

Алатау ауданының Индустриялық аймақ аумағында мұнай, газ, су және мұнай өнімдерін тасымалдау, тау-кен, құрылыс, химиялық өнеркәсіп, энергетика салаларында пайдалану үшін диаметрі үлкен болат құбырлар шығаратын жоғары технологиялық зауыт құрылысының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек өз сөзінде жоғары технологиялық жаңа зауыттың құрылысы Қазақстанға енгізілетін құбыр өнімінің 60%-ына импортты алмастыруды қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша құрылған индустриялық аймақ шетелдік инвестицияларды тарту орталығына айналды. Құрылыс кезеңінде 800 жұмыс орны және зауыт іске қосылғаннан кейін 300-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылатын болады», – деді Б. Байбек.

CNPC бас директоры Жанг Дзинхуаның айтуынша, жобаны іске асыру Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиняның 2017 жылғы кездесу қорытындылары бойынша мүмкін болды, оның аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CNPC арасында мұнай-газ саласындағы кешенді стратегиялық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылған еді.  

«Осы жоба елдер арасындағы жаңа кезеңді білдіреді. Құрылыс кезіндегі біздің басымдықтарымыз – сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заманауи технологиялар трансферті, ел заңнамасын сақтау және мерзімінде пайдалануға беру», – деп қосты CNPC бас директоры.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев кәсіпорын мұнай-газ, тау-кен және химия салаларында ғана емес, сонымен қатар Алматының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында да құбырларға сұранысты қанағаттандыратынын айтып өтті. Оның айтуынша, осы жоба Мемлекет басшысының экономиканың шикізат емес секторын дамыту жөніндегі тапсырмасына жауап береді.

Алатау ауданының 18,2 га аумағында орналасатын зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 100 мың тонна құбыр өнімін құрамақ. 




Яндекс.Метрика