Өңірлер

Қызылордада инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақтан 2500 адамға жер телімдері беріледі

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 20 шиелілік тұрғынға жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерінің құжаттарын тапсырды. Жаңа «Береке» мөлтек ауданында - 300, жалпы аудан бойынша 2500 адам жер телімдерін алады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қызылорда30 Наурыз , 19:02

Өзінің алғысөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев елді мекендердің  экономикасы мен ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту жергілікті биліктің  алдағы уақытта да  бірінші кезектегі міндеті екенін  атап өтті.

«Бүгінде аймағымызды дамыту бойынша ауқымды  істер атқарылуда. Наурыз мерекесі қарсаңында облыс орталығында жаңа мөлтек аудан пайдалануға берілді. Бүгін 300-ге жуық Шиелі тұрғынына жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері беріледі. Шиелі ауданында 7 мыңға жуық адам баспана салу үшін жердің кезегінде тұр. Енді тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақтан 2500 адамға жер телімдері  берілетін болады»,- деді облыс әкімі.

Өткен жылы Шиелі ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға  республикалық және  облыстық бюджеттерден 3 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Жоба аясында Шиелі кентіндегі «Ақорда», «Бәйтерек», «Береке», «Шұғыла» мөлтек аудандарында және Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов, Бидайкөл, Ы.Жақаев, Алғабас елді мекендерінде жалпы алаңы 509 гектар жерге 256 шақырымдық инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді.

 




Яндекс.Метрика