Инфрақұрылымның дамуы

Жамбыл облысының жолдарын жөндеуге 2017 жылы 8,2 млрд теңге бағытталады

Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға бюджеттен 8,2 млрд. тенге бөлінді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жамбыл30 Наурыз , 10:36

Жамбыл облысында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді-мекен көшелерінің желісі бүгінде 10 060 шақырымды құрайды, оның ішінде  республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1237 шқ,  облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 1943 шқ, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары – 1992 шқ;

2016 жылды қоса алғанда, тек соңғы 6 жылда Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға барлық бюджет көздерінен 43,3 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 8,3 млрд. теңге және жергілікті бюджеттерден 35 млрд. теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстарымен 2417 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша 2016 жылдың қорытындысына жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесі 75,5% құраса, Жамбыл облысын дамытудың 2016 - 2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы бұл көрсеткішті 77%-ға жеткізу көзделген.

«Бұл бағытта 2017 жылға жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендер көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға бюджеттен 8,2 млрд. тенге бөлінген. Оның ішінде, облыстық маңызы бар автожолдарға 3,3 млрд. тенге, аудандық маңызы бар автожолдар мен көшелерге 3,3 млрд.тенге және Тараз қаласының көшелеріне 1,6 млрд. тенге», - делінген хабарламада.

Жергілікті маңыздағы автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге қарастырылған қаражаттар есебінен ағымдағы жылы жалпы 6,1 шақырым жаңа жол салу, 6,7 шақырым қайта жаңарту, 285,9 шақырым автожолдарды орта жөндеуден өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, 2016 жылдан өтпелі «Ақыртас», «Тау самалы» туристік кешендеріне 10 шақырым автомобиль жол құрылысын салу жұмыстары жалғасын таппақ.




Яндекс.Метрика