Парламент

Қ.Тоқаев терроризмді түбірінен жою стратегиясына көшуге шақырды

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте Халықаралық терроризммен күрес жөніндегі парламенттік конференцияда баяндама жасады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Әлемде 28 Наурыз, 16:39

ТМД-ға қатысушы қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы ұйымдастырған форумның күн тәртібіне қауіпсіздік және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық, террористік әрекетке қарсы қызметтің гуманитарлық мәселелері, халықаралық қауіпсіздік жүйесінің экономикалық және әлеуметтік негіздері енген болатын.

Қ.Тоқаев өз сөзінде терроризмді тек бірлескен күш-жігер арқасында ғана түбірінен жоюға болатынына нық сенім білдіре келіп, Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ аясындағы Жаһандық антитеррористік желі құру туралы бастамасының маңыздылығына форумға қатысушылардың назарын аударды. Конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде Қ.Тоқаев халықаралық құқықтағы «терроризм» ұғымының заңды және саяси қисынды анықтамасын беру қажеттігі туралы айтты.

Төраға ең күрделі мәселелерді жедел шешуге ықпал ететін саяси үдерістерге асығыс әрі ағат бағалаудан шектелуге шақырды. «Мұндай қадамдардың нәтижелі болатынын Сириядағы қарулы қақтығыстардың басынан бері оқ атуды тоқтату тетіктерін құруға жеткізуге алғаш рет мүмкіндік берген Астана келіссөздері паш етіп отыр», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев бірде бір ел қаупінен қорғалмаған кибертерроризм мәселелері туралы да айтты: «Адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің маңыздылығын толық түсінген жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін интернетті реттеу мәселелері бойынша ойланудың мәні зор. Басты мақсат – экстремизм идеясын насихаттауға және жастарды террористік ұйымдардың қатарына алдап-арбап тартуға кедергі жасау болып отыр».

Баяндамада кедейлік, сауатсыздық, сыбайлас жемқорлық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу секілді терроризмнің бастапқы себептерін жоюдағы заң шығару органдарының әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сессияларының бірінде Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ұйымның Үйлестіру орталығын құру туралы мәселені қарауды ұсынды.

Қазақстан Парламенті жоғарғы Палатасының басшысы радикализм қатерлеріне қарсы идеологиялық іс-қимылда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің де маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Астанада 2016 жылы 31 мамырда өткен, жоғары мәртебелі діни қайраткерлер, бірқатар елдердің парламентшілері және ғалымдар қатысқан «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференцияның қорытындылары туралы форумға қатысушыларды хабардар етті.

 Қ.Тоқаев қазіргі замандағы реформалар мен халықпен ашық диалогты терроризмге қарсы пәрменді шаралар ретінде атап өтті. Бұл тұрғыда мемлекеттік басқаруды жетілдіру және билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы заң үстемдігін нығайтуға бағытталған Қазақстандағы конституциялық реформалардың маңыздылығы айтылды. Төраға «Терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты айтқанда, Конституцияға террористік әрекетке қатысқаны үшін Қазақстан азаматтығынан айыру туралы жаңалық енгізілді», - деді.

Сенат Төрағасы сөзінің соңында терроризмді оқшаулау тәжірибесінен оны жаппай түбірінен жою стратегиясына көшу - жіті назар аударуды, диалог пен өзара іс-қимылды талап ететін күрделі әрі жауапты жұмыс екенін атап өтті. Қ.Тоқаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Педро Аграмунтпен әңгімелесті. Төраға Қазақстанның ЕКПА-мен ынтымақтастығының сындарлы сипатына тоқталды. Біздің еліміз Еуропа Кеңесінің бірқатар маңызды конфенцияларына қатысушы, Демократия жолындағы Еуропаның құқықтық комиссиясының (Венеция комиссиясы) толық мүшесі.

Қазақстан Парламенті мен ЕКПА ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазақстандық депутаттар Страсбургте ЕКПА сессияларында тұрақты түрде қатысады. Қ.Тоқаев демократияны дамыту, гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздіктің жаңа қатерлеріне қарсы іс-қимыл үшін диалог пен нәтижелі ынтымақтастықты жалғастыра беру керек деп санайды. Сенат Төрағасы ЕКПА басшысын Президенттің өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру жөніндегі Қазақстандағы конституциялық реформалар туралы хабардар етті.
 





Яндекс.Метрика