Мәдениетті жаңғырту

Астанада «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығының лауреаттары марапатталды (ФОТО)

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік театр күніне орай тұңғыш рет тағайындалған «Сахнагер – 2017» ұлттық театр сыйлығымен марапаттауға арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 27 Наурыз, 20:47

Іс-шараға Парламент депутаттары, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, еліміздің танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде ел дамуындағы мәдениет пен өнердің маңызды рөліне Қазақстан Президентінің айрықша мән беретінін атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды, бүгінде 52 театр табысты жұмыс істейді, жаңадан «Астана Опера», «Астана Балет» театрлары, сондай-ақ Қазақ ұлттық өнер университеті, Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды.

Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова 2016 жылы құрылған Қазақстан театрлары қауымдастығы еліміздің рухани-мәдени өміріне және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосатынына, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда Мемлекет басшысы айқындап берген мақсаттарды іске асыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

«Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы еңбекке деген оң көзқарас қалыптастыратын шығармалар тудырып, елдің біртұтас мәдени кеңістігі аясын кеңейтуге, қазақстандық патриотизмді дамытуға, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті арттыруға қосқан үлесі үшін беріледі.





Яндекс.Метрика