Мәдениетті жаңғырту

Астанада «Ел арна» телеарнасы көрерменге жол тартты

Астанадағы «Қазмедиа Холл» киноконцерт залында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жаңа «Ел арна» телеарнасының тұсауын кесті.
Нұр-Сұлтан 27 Наурыз, 19:12

«Хабар» агенттігінің құрамына кіретін арнада тек қана Қазақстанда шығарылған көркем фильмдер, деректі кино мен сериалдар көрсетіледі. Мұнда мемлекеттік тілдегі туындылардың үлесі 50 пайыздан кем болмайды. Олар эфирге 6 сағаттық қайталаумен шығады.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл арнаның қандай мақсатта ашылған көпшілік қауымға түсіндірді.

«Ақпарат айдынына жол тартқан отандық жаңа арна «Ел арнаның» қадамы құтты болсын. Бүгінгі күні телевизия қоғамдық сананы қалыптастыруға ықпалы зор, қуатты құрал екені белгілі. Осы құралды ұлт мүддесіне, ұрпақ тәрбиесіне ұтымды пайдалана білу Мемлекет басшысының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Көрермен қауымға тек қана өзіміздің отандық көркем және отандық деректі фильмдерді ұсынатын, халықтық арна осы мақсатта ашылып отыр. Алтын қорымызды ұрпақ игілігіне таратуды көздеген жаңа арнаны біз елдің арнасы болсын деген ниетпен «Ел арна» деп атадық», - деді ол.

Сондай-ақ, «Хабар» агенттігінің басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова  эфирде деректі киноға ерекше назар аударылатынын айтты.

«Біз эфирге ең құнды деректі таңдадық – ол халықтың ықыласына бөленген фильмдер мен киносыншылардың жоғары кәсіби пікірлеріне ие болған туындылар. Эфирдің 80 пайызын қазіргі заманғы туындылар мен  киноның алтын қоры. Эфирде деректі фильмге де аса назар аударылады. Жұмыс күндері  кесте деректі фильмдер мен көркем фильмдерге арналады.  Ал демалыс күндері  қазақстандық режиссерлардың  сериалдары мен фильмдері көрсетіледі», - деді «Хабар» агенттігінің төрайымы.

Жаңа телеарна бүтін бір буынға әсер еткен Шәкен Айманов, Мәжит Бигалин, Абдулла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов сияқты майталмандардың туындыларын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға тамаша мүмкіндік береді.

Ақбота Күзекбай

Фото: Арман Қалиев 





Яндекс.Метрика