Адами капитал

Қазақстанның байланыс орталығы халықаралық марапатқа ие болды

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтері бойынша анықтамалық қызмет көрсететін 1414 Бірыңғай байланыс орталығы «Хрустальная гарнитура» халықаралық конкурсының «Мемлекеттік органдар мен ТҮКШ секторында халыққа қызмет көрсететін үздік орталық» номинациясы бойынша әділ қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі.
Әлемде 27 Наурыз, 13:47

Мәскеуде өткен XIII марапаттау рәсімінде 34 номинация бойынша жеңіске қол жеткізген ұйымдарға «Хрустальная гарнитура» марапаты табысталды.

«Хрустальная гарнитура» - байланыс орталықтары мен клиенттерге қызмет көрсету индустриясындағы беделді және кәсіби наградалардың бірі болып саналады, 2005 жылдан бері үздік байланыс орталықтарына табысталып келеді. Бірнеше кезеңнің қорытындысы  және сарапшылардан құралған әділ қазы мүшелерінің қорытынды дауыс беруі бойынша  номинация жеңімпазы анықталады.

Call Center Guru кәсіпқой мамандар қауымдастығымен құрылған жыл сайынғы байқауға Ресей, Украина, Қазақстан, Беларус, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия және басқа да мемлекеттерден 100-ден астам байланыс орталықтары қатысады. Аталған кәсіби конкурс байланыс орталықтары индустриясында ең салмақты және беделді кәсіби байқау, әрі халықаралық мойындауға ие марапат  болып саналады.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Бірыңғай байланыс орталығының директоры Анар Ұлманованың айтуынша, Қазақстанның мұндай халықаралық байқаудың номинацияларының бірінде  ерекше сыймен аталып өтуі жобаның бүкіл ұжымы үшін ерекше мақтаныш, әрі бұдан әрі жұмыс жасауға ынта беретін себеп болып табылады.

Естеріңізге салсақ, 2011 жылдан бері еліміздегі  тұрғындарға  мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша консультация беру еліміздің кез келген аймағынан кез келген телефоннан 1414 және 8-800-080-777 тегін нөмірлері бойынша тәулік бойы көрсетіліп келеді.

 





Яндекс.Метрика