Өңірлер

Қырғызстан Тараздағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 100 тонна тауар жеткізді

Тараз қаласындағы «Достық» алаңында Қырғыз Республикасы Талас облысының ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жамбыл27 Наурыз , 10:39

Аталмыш іс-шараға Талас облысыныңгубернаторы Дайыр Кенекеев бастаған делегация арнайы келді. 

«Жамбыл облысы Қырғыз елінің қос бірдей облысымен өте тығыз қарым-қатынаста. Бүгін Талас облысының ауыл шауашылығы тауар өндірушілері киелі Әулиеата өңіріне арнайы келіп, жәрмеңке ұйымдастыруда. Өздеріңізге белгілі, өткен айда біз Талас облысына арнайы барып, ол жақта бірқатар меморандумдарға қол қойған болатынбыз. Сол келісім негізінде бүгінгі іс-шара өтуде. Сондықтан, қырғыз елінен келген барша қонақтарға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін. Мұндай қарым-қатынас екі елдің арасындағы берік байланысты, өзара ынтымақтастықты нығайта түседі деген ойдамын», — деді К. Көкірекбаев.

Өз кезегінде сөз алған Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Дайыр Кенекеев Тараздағы өтіп жатқан жәрмеңке өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

«Талас облысы мен Жамбыл облысы ауылы аралас, қойы қоралас жатқан аймақтар. Әсіресе, сауда-саттық бойынша екі облыстың мүмкіндіктері өте жоғары. Дегенмен, бүгінгі Әулиеата өңірінің өндіріс саласындағы аршынды қадамдары көпке үлгі. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықты, достық қарым-қатынасты күшейту мақсатында Жамбыл облысына арнайы келіп, жәрмеңке ұйымдастырып жатырмыз», — деді Талас облысының губернаторы.

Облыстың Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу аудандары және Тараз қаласы мен Қырғыз Республикасының Талас облысы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен өткізілген жәрмеңкеде 200 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы тауары ұсынылды.

Атап айтқанда, Қырғызстаннан 100 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде, алма, картоп, фасоль, пияз, қырыққабат, ет және сүт өнімдері, жеміс-жидек көшеттері сатылды.

 




Яндекс.Метрика