Ғылымды қажет ететін экономиканың дамуы

Ташкентте қыркүйек айында қазақстандық өндірушілер көрмесі өтпек (ВИДЕО)

«Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі биылғы жылдың қыркүйегінде Өзбекстан нарығына өз өнімін экспорттауға мүдделі қазақстандық өндірушілердің Ташкентке жауап сапарын жоспарлап отыр. Бұл туралы «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің басқарушы директоры Асқар Арынов Астанада өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы аясында мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан 24 Наурыз, 19:07

Астана алаңында өткен бизнес-форум аясында өзбек экономикасының барлық салалары таныстырылатын өзбек өндірушілерінің 40 стенді ұсынылған. Мұнда дәрілік препараттар, жеңіл өнеркәсіп өндірушілері және Өзбекстан экономикасының көшбасшылары – автомобиль өндірушілер бар.

«Жетекші өзбек компаниялары қазақстандық бизнес-қоғаммен әріптестік жасауға қызығушылық білдіреді. Іс-шара аясында тек өзбек өнімін ғана емес, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығуы мүмкін техника мен жабдықтың бірлесіп өндірілген белгілі бір түрлерін жеткізу мәселелері талқыланды. Қазақстандық бизнес-қоғам өзбек кәсіпкерлерімен және өндірушілерімен әріптестік жасауға мүдделі, бұл біздің елдер арасындағы тауар айналымының артуына ықпал етеді», – деді А. Арынов.

Спикер атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы ұзақ жылдар бойы тұрақты болып қалуда.

«Осындай іс-шаралар елдеріміздің сауда-экономикалық қарым-қатынастарының дамуына серпін беріп, тауар айналымын едәуір жоғары деңгейге шығаратынына сенімдіміз. Соңғы уақытта Өзбекстанның сыртқы елдермен сауданы оңайлатуға бағытталған қаржы және сауда-экономика салаларындағы үлкен өзгерістерді байқап отырмыз», – деп мәлім етті ұлттық агенттіктің басқарушы директоры.

Сондай-ақ, қыркүйек айында қазақстандық кәсіпкерлердің Ташкентке жауап сапары барысында қазақстандық өндіріс тауарлары Өзбекстан Республикасының дүкендері мен дәріханаларында кеңірек ұсынылатыны белгілі болды. Бұдан бөлек, «Kaznex Invest» техниканы бірлесіп өндіре отырып, үшінші елдер нарығына шығуды жоспарлауда.

«Атап айтқанда, автомобиль жасау саласында бірлескен өндіріс құру мәселесі қаралып жатыр, бұл Қазақстан үшін де және Өзбекстан үшін де өте маңызды. Өзбекстандық тараптың машина жасау жүйесінде тәжірибесі мол. Сол себепті қазақстандық өндірушілер өзбек кәсіпкерлерімен осы бағытта бірлескен өндірісті одан әрі дамыту бойынша кластер жасай алады деп ойлаймыз», – деді А. Арынов.

Біздің елдер арасындағы тауар айналымына келетін болсақ, ол тұрақты және екі елдің сауда теңгерімі тең, яғни Қазақстанның Өзбекстанға экспорты шамамен 1 млрд-қа тең және Өзбекстан біздің елімізге бір миллиардқа жуық тауар жеткізеді.

«Kaznex Invest» басқарушы директоры қорытындылағандай, болашақта осы жұмысты одан әрі жалғастыру керек, бұл көлемдерді ұлғайтуға және қазақстандық тауарлар желісін және өзбек тауарларының импортын кеңейтуге мүмкіндік береді. Осыған орай, осы бағытта бірлесіп жұмыс жасау қажет.  

Ақбота Күзекбай

Видео Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика