Ұлттың денсаулығы

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы мемлекет бөліп отырған қаражатты тиімді жұмсауға шақырды (ФОТО)

Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемін дұрыс жұмсау, бірінші кезекте, халық мүдделеріне баса назар аудару қажет, деді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Астана қаласының №5 қалалық емхана қызметкерлерімен кездесу барысында.
Нұр-Сұлтан 24 Наурыз, 15:03

«Денсаулық сақтау саласы алға қарай серпін жасауы үшін бірінші кезекте не жасау керек? Әрине, біз балалардан бастап қарт адамдарға дейін халықтың барлық санаттарымен жұмыс жасап жатырмыз», – деді Е. Біртанов.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бүгінде қаржыландыруға қатысты өзекті мәселелер орын алады.  

«Бізде қаржыландыру көлемі және денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражатты жұмсау бойынша едәуір проблемалар бар. Оларды шешу кезінде халық мұқтаждықтарын да ұмытпаған жөн», – деді Е. Біртанов.

Сондай-ақ, министрдің пікірі бойынша, барлық клиникаларда медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселелерін шешу қажет.

«Мысалы, осы емхана пациенттерімен бүгінгі кездесу барысында кардиологпен консультацияға сәуір айына жазылған адамдардың бар екені белгілі болды. Бүгінгі таңда жүрек-қан тамыры аурулары кең таралғандығын ескерсек, мұндай ұзақ күтулердің болмауы үшін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізуіміз керек», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Е. Біртанов емханалар өздерінің ықтимал пациенттерін жоғалтпауы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ кездесу барысында министр дәрілік заттардың және жалпы медициналық қызмет көрсетудің бағаларын реттеу керектігін де атап өтті.

Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандыру жүйесіне жеке меншік клиникалардың мамандарын тартуды ұсынған болатын.   

Ақбота Күзекбай

Фото Арман Мұхатов





Яндекс.Метрика