Адами капитал

Алматы облысында екі миллионыншы тұрғын өмірге келді

Алматы облысында екі миллионыншы тұрғын өмірге келді. Нәресте Еңбекшіқазақ аудандық перзентханасында дүние есігін ашты. Жас отбасы педагогтар Жарқынай Еменақынова мен Диас Шормановтың бұл – екінші сәбиі. Облыстың екі миллионыншы тұрғынын облыс әкімі Амандық Баталов арнайы барып құттықтады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы 22 Наурыз, 15:03

«Наурыз мейрамы  ежелден жаңа өмірдің, тың тіршіліктің, үміт пен сенімнің бастауы саналады. Сондықтан Наурыздың шығыс халықтарында Жаңа жыл ретінде аталып өтілуі орынды. Жаңа жылымыз Алматы облысында екі миллионыншы тұрғынның өмірге келуімен басталып отыр. Сәбидің жарық дүниеге келуі – отбасы үшін әрқашан ерекше оқиға, ал облыстың екі миллионыншы тұрғынының өмірге келуі – өңіріміз үшін тарихи сәт. Сәбидің ата-анасын шын жүректен құттықтаймын. Біздің кішкентай нәрестелеріміздің елімізде болашағы зор, ертеңі айқын болады деп сенемін!» – деген Амандық Баталов жас отбасына екі бөлмелі пәтердің кілті мен нәрестеге қажетті заттарды сыйға тартты.

«Әрбір ана үшін сәбиді өмірге әкелу – үлкен мереке. Мен үшін де бүгінгі күн ерекше маңызды. Екі бөлмелі пәтер сыйлап қуанышымды екі еселеп тастадыңыздар. Отбасымның атынан ана мен балаға, дені сау ұрпақ дүниеге әкелуге барлық жағдайды жасап отырған Мемлекет басшысына зор алғысымды білдіремін. Сәбилі болумен қатар үйлі деп болып жатырмыз. «Әр бала өз несібесімен туады» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған екен. Еліміздің, Жетісу өлкесінің дамып, гүлденуіне шын жүректен тілектеспін», - деді жас ана. Балаға Нұрсұлтан есімі қойылды.

Облыстың екі миллионыншы тұрғынының 28 жастағы анасы  Жарқынай Еменақынова Есік гуманитарлық колледжінде оқытушы болса, 29 жастағы әкесі Диас Шорманов Еңбекшіқазақ ауданындағы О. Жандосов атындағы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. Жас отбасының үш жасар қызы бар, енді ұлды болды.

Жалпы, Алматы облысында соңғы 5 жылда туу көрсеткіші артып, 2011 жылы 24,3 мың болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 25,3-ке жеткен. Жыл сайын облыста орта есеппен өмірге 110-115 мың бала келеді. Халықтың өсіміне әсіресе, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле, Жамбыл, Талғар аудандарының қосып отырған үлесі зор. Бұл аудандарда жыл сайын 4 мыңнан 6 мыңға дейін нәресте дүние есігін ашады. Осы Еңбекшіқазақ аудандық перзентханасын 2014 жылы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев облысқа жасаған сапары барысында ашқан болатын. 

Осы күніперзентханадан кейін облыс әкімі Амандық Баталов Есік қаласында өткен Наурызға арналған мерекелік іс-шараларға қатысты. Көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, жас баланың тұсауын кесу рәсімін атқарды.

 

 

 





Яндекс.Метрика