Мәдениетті жаңғырту

Түркістан Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы атанды (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасы өтті, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Южно-Казахстанская область21 Наурыз , 16:04

Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен келген Түркітілдес 25 ұлттан тұратын 300-ге тарта шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстікқазақстандық тұрғындар, яғни, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Олардың ішінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық Ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтер сынды әр елдің жоғары лауазымды ресми өкілдері бар.

Мерекелік іс-шараға келген меймандар, ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасына жерленген қазақ хандары, абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонмен танысты. Мұнан соң, меймандар Түркістан тарихи музейін аралап, ондағы жәдігерлермен танысты. Ал қолөнер шеберлерінің ауылына бас сұққан халайық түрлі бұйымдарды өздігінше жасап көріп, бір сәт бағзы заманға тап болғандай әсер алды.

Іс-шараның салтанатты ашылуында сөз бастаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша жұртшылықты Түркістанды Түркі әлемінің мәдени астанасы жылы атануымен құттықтап, осы абыройлы міндетті бірлесе өткізуге шақырды.

«Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. Осы ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып келеді. ТҮРКСОЙ ұйымы шынында да түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Мұнан соң, осынау тарихи шара барысында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Баспасөз сыйлығы» шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналистке тапсырылып, мереке жалғасы әлемдік деңгейдегі концерттік бағдарламаға ұласты. 

Сондай-ақ, Түркітілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар - Арыстан баб, Яссауи, Әл-Фараби, Қорқыт ата образдарындағы көрініс сахналанса, Қазақ хандары киелі шаңырақты көтеріп, ондағы уықтарды өңіріміздегі 20 этномәдени орталықтың өкілдері ұстауымен бейбіт еліміздегі тұрақтылық пен татулықты паш етті.




Яндекс.Метрика