Мәдениетті жаңғырту

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған күй таныстырылды (ФОТО)

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында 16 жастағы күйші-композитор Ғаламат пен Бейсеқожаевтың «Атадан мұра» шығармашылық кеші өтті.
Астана қаласы 18 Наурыз, 11:19

Жас өнерпаз Елбасына арналған туындысымен 2-ші шығармашылық кешін атауды ұйғарған. Домбыраның құлағында ойнаған өнерпаз көпшілікті өнерімен тәнті етті. Ән әуелеп, күй күмбірлеген мәдени кеште Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 9 және 5 сынып оқушылары ағалы-інілі Ғаламат пен Нұрәлі өздерінің шығарған төлтуындыларын ұсынды.

Өнерлі әулетте тәрбиеленген Ғаламат кішкентай кезінен ағасы, танымал композитор Нұрсәт Бейсеқожаевтан тәлім алып, шоқтығы биік күй өнерін меңгереді. Дарынды жас белгілі туындыларды орындаумен қатар өзінің де күй шығаратын қабілеті бар.

Ғаламат – «Махамбет», «Абай толғауы», «Жазғытұры», «Қосбасар», «Жауынгер», «Есдәулет», «Қасқарау», «Қордай» іспетті 20-дан астам күйдің авторы. Кеш барысында 16 жастағы жасөспірім  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған «Атадан мұра» күйін орындап берді.

«Елбасы жастарға қамқорлық көрсетіп, оларды қолдауға үлкен көңіл бөледі. Қазақстанда ниет білдіргендер үшін өз-өзін дамытудың мүмкіндіктері аясы кең. Президентіміз кейінгі толқынды жеңістерге ұмтылдырып, өр мақсаттарға қол жеткізуге қанаттандырады. Сондықтан «Атадан мұра» күйін алғыс ретінде Елбасына арнауды ұйғардым», -  деп бөлісті жас күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожаев.

6 жасынан қолына қара домбыраны алған жасөспірімнің өнеріне сарапшылар жоғары бағасын берді.

11 жасында тырнақалды туындыларын шығарған Ғаламат «Дәстүрлі өнер» номинациясы бойынша «Жас Дарын» республикалық байқауының бас жүлдесін, Қаршыға Ахмедияров атындағы сыйлықты иеленген. Өткен жылы Ғаламат Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Нұрлы жол» шығармашылық кешін өткізді.

Кездесу барысында жас дарын күйді күмбірлетіп, өзінің шығармаларын орындады. Ал Ғаламаттың інісі Нұрәлі скрипкада ойнау шеберлігімен тәнті етті.





Яндекс.Метрика