Ұлт жоспары 100 нақты қадам

БҚО-да 1 500 апатты тұрғын үй иесі үшін 3 жыл ішінде жаңа үйлер салынбақ

Батыс Қазақстанда алдағы үш жыл ішінде 1 500 апатты тұрғын үй иесі үшін МЖӘ бойынша жаңа үйлер салынбақ. Бұл туралы мемлекеттік және жекеменшік серіктестігін дамыту бойынша аудандармен өткен селекторлық жиын барысында белгілі болды.
Батыс Қазақстан18 Наурыз , 09:12

"Өңірде қазірдің өзінде апатты үйлердің орнына жаңа үйлер салу, балабақшалар құрылысын жүргізу, «ақылды қала» концепциясы бойынша бейнекамералар орнату сияқты нақты 10-ға жуық жоба бар", - деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Орал қаласында мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі аясында апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары басталып кетті. Өткен ғасырда бой көтерген 2 қабатты ескі үйлердің орнына пәтерлерінің аумағы кең 9 қабатты тұрғын үйлер салынбақ. 

«Құрылыс компаниялары салған көп қабатты тұрғын үй алдымен бұзылған үйдің пәтер иелеріне берілетін болады. Ал қалған пәтерлерді мердігер компания өздері қала тұрғындарына сатады. Инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарын біз мойнымызға аламыз. Өткен жылды қоса есептегенде, осындай апаттық жағдайдағы он үйдің орнына жаңа үйлер бой көтеруде. Жалпы, облыс орталығында апатты жағдайдағы 41 тұрғын үй бар, оларда 1 500 адам тұрып жатыр - бұл 300-ден астам отбасы. Алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен сол үйлерді жаңалаймыз деп жоспарладық», - деді облыс әкімі.

Бұдан бөлек, облыс орталығында мемлекет және жекеменшік серіктестігі аясында 550 млн теңгеге 200-ден аса бейнекамералар орнатылмақ. Бұл «Қауіпсіз қала» бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Энергия үнемдеу мақсатында «Жайық Жылу Қуат» мен «Батыс Су Арнасының» қондырғылары жеке инвесторлар есебінен жаңартылу көзделуде.




Яндекс.Метрика