Парламент

Қазақстандағы ішкі көші-қон 25%-ға артқан

Парламент Мәжілісінің депутаттары Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің бірлескен отырысында ішкі және сыртқы көші-қон мәселелерін талқылады.
Нұр-Сұлтан17 Наурыз , 16:23

ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңесінің төрағасы Бейбіт Мамраев Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған еңбек нарығын жаңғыртуға байланысты кешенді тапсырманы іске асыру аясында қарастырылып отырған мәселенің маңыздылығын атап өтті.

Отырысқа қатысушылар 2015 жылға қарағанда өткен жылы ішкі көші-қонның 25 пайызға, елімізде тіркелген шетел азаматтар санының 25 пайызға және олар жасаған құқық бұзушылықтың 5,9 пайызға артқанын алға тарта келіп, сонымен қатар заңсыз көші-қон және азаматтардың, соның ішінде жоғары білікті мамандардың, шет елдерге кету үрдісінің орын алып отырғанына назар аударды.

Депутаттар сондай-ақ этникалық қазақтарды қабылдау, оларға Қазақстан азаматтығын беру кезiнде құқықтық рәсімдерді оңайлату және оралмандарды еңбек күші қажет аймақтарға қоныс аудару мәселелері бойынша қонымды ұсыныстар білдірді.

Бірлескен отырыстың жұмысына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер, білім және ғылым, сыртқы істер, ұлттық экономика министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың, Халықаралық көші-қон ұйымының, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері қатысты.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті Ұсыныстар қабылданды.
 




Яндекс.Метрика