EXPO-2017

Қытай ЭКСПО-2017 көрмесіне өз павильонын мамырдың соңына дейін аяқтамақ (ФОТО)

Қытай ЭКСПО-2017 көрмесінде ауданы 1053 шаршы метрді құрайтын өз павильонын ұсынады. ҚХР-дың көрмедегі тақырыптық тұжырымдамасы «Болашақтың энергиясы, жасыл Жібек жолы» деп аталмақ. Қытайдың салынып жатқан павильоны туралы Қытай халықаралық сауда палатасының директоры, Қытай ұлттық павильонының құрылымдық топ басшысы Дже Джие ЭКСПО-2017 халықаралық павильондарымен танысу барысында айтып берді.
Астана қаласы 17 Наурыз, 13:46

Қазіргі уақытта Қытай жаңартылатын энергия көздеріне едәуір көңіл бөлуде және осы салада маңызды жетістіктерге жетті.  

«ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу Қытай үшін аса маңызды. Осы жолы біз павильонда өте үлкен ауданды таңдадық. Біз Қытайдан шығатын жаңа энергияларды, технологияларды көрсетпекпіз. Сондай-ақ энергетика саласында басқа елдермен әріптес болуға ниеттіміз», – деді Дже Джие.

Қытай Халық Республикасының көрмеге қатысуын ұйымдастыру үшін жауапты орган – Халықаралық сауда бойынша іс-қимыл жасасу жөніндегі қытай кеңесі.

«Қазіргі уақытта біздің павильонымыздың құрылысы жоспар бойынша жүріп жатыр. Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді дайындық үстіндеміз. Қазақстан Үкіметі жақсы жағдайлар жасап жатыр. Сондай-ақ біз дәстүрлі энергия ресурстарын өзгертумен, экологиялық ортаны жақсартумен байланысты жаңа идеялармен және жетістіктермен таныстырмақпыз», – деп атап өтті құрылымдық топ басшысы.

Дже Джиенің айтуынша, қытайлық тарап Қытайдағы ірі және белгілі компаниялардың көптеген кәсіпкерлерін тартады.

«Біз Қытайдың энергия саласында жұмыс істейтін әр түрлі кәсіпкерлерін шақырамыз. Қазір ірі қытайлық компаниялардың 10-нан астам кәсіпкері бар. Барлық павильондарымызды мамырдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл басқа қатысушы мемлекеттермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», – деді Қытай өкілі.

Қытай павильоны Малайзия, Үндістан, Алжир және ШЫҰ павильондарымен бір жерде орналасатынын атап өту қажет.

Ақбота Күзекбай

Фото Абзал Қалиев





Яндекс.Метрика