Білім беру

Қазақстанда 2-сыныпқа арналған бірыңғай базалық оқулық бекітілді

Қазақстанда 2-сыныпқа арналған бірыңғай базалық оқулық бекітілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Пәндік комиссиялардың жұмысын қорытындылау мақсатындағы брифингте ҚР білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан17 Наурыз , 16:39

«Пәндік комиссиялардың қарауына 1010 аталым мектепке дейінгі тәрбие және оқыту деңгейіне арналған оқу әдебиеттері, 2, 5 және 7 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер, арнайы (коррекциялық) мектептерге оқу әдебиеттері, қосымша әдебиеттер және электрондық тасымалдағыштардағы оқу басылымдары ұсынылды. Соның ішінде 197-сі оқулық: 2-сыныпқа арналған  62 оқулық, 5-сыныпқа – 63 және 7 сыныпқа – 72», - деді Э.Суханбердиева.  

Пәндік комиссия мүшелері оқулықтарды сынақтан өткізу мен қоғамдық бағалау қорытындыларын және ғылыми-педагогикалық сараптама нәтижелерін талдап, Республикалық комиссия қарауына білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылатын оқу әдебиеттері жөнінде ұсыныстарын енгізді.13 наурызда Республикалық комиссияның отырысы өтті.

Комиссия жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық білім басқармаларының басшылары, ғалымдар, мектеп директорлары және мұғалімдері, сонымен қатар пәндік комиссиялардың мүшелері қатысты.

Республикалық және пәндік комиссиялар 2-сыныпқа арналған бірыңғай базалық оқулықтар, 5 және 7-сыныптарға арналған баламалы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту деңгейіне, арнайы мектептерге арналған оқу басылымдарын және баска да қосымша әдебиеттерді іріктеп алды.

Отырысқа қатысушылар оқу әдебиеттерін әзірлеуді, сараптауды және іріктеуді әрі қарай жақсарту үшін нақты ұсыныстарын жасады.




Яндекс.Метрика