Инвестициялар

Ресейлік инвестор Ақмола облысында астық терминалдарын салуға ниетті

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Ресейде және шет елдерде ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме саудасымен айналысатын «СКАЙ» ЖШҚ компаниясының басшысы Михаил Васенкевичпен кездесті.
Ақмола 17 Наурыз, 11:21

Әкімдіктің ақпараты бойынша, кездесуде облыс басшысы Ақмола облысы Қазақстанда өсірілетін бидайдың едәуір бөлігін өндіретін Қазақстанның агроөнеркәсіптік өңірі болып табылатынын атап өтті. Жыл сайын облыс 32 елге 2 млн тоннаға жуық астық экспорттайды.

«Ақмола облысы инвестицияларды тарту үшін үлкен әлеуетке ие және ынтымақтастықты кеңейту үшін ұсыныстарды қарауға дайын. Біздің облысымыз астана маңындағы өңір болып табылады және Астана нарығы үшін ауыл шаруашылығы өнімін басты жеткізушілердің біріне айналуы тиіс», – деді әкім.

«СКАЙ» ЖШҚ компаниясының басшысы Михаил Васенкевич олар Иранмен және Жерорта теңізі елдерімен астық дақылдарын экспорттау бойынша ынтымақтастық жасайтынын айтты. Ол астық дақылдарын өсіруге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін астық сатып алуға және Ақмола облысында астықты терең өңдеу терминалдарының құрылысына инвестициялауға дайын екенін жеткізді.

«Біз үшін ең бастысы – астық сапасы, себебі қазіргі уақытта тұтынушылар экологиялық таза өнімді талап етеді, ал сіздің өңіріңізде астық сапасы өте жақсы», - деді М. Васенкевич.

Кездесу соңында тараптар ет және сүт өнімдерін өңдеу саласындағы жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.





Яндекс.Метрика