Басқару

Мемлекет басшысы ҚР Конституциясының өзгерістерін жүзеге асыру туралы Қаулыға қол қойды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар кешені туралы Қаулыға қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы14 Наурыз , 09:03

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Барлық деңгейдегі орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары  Парламенттің, Үкіметтің және өзге де мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен жауапкершілігінің көлемін кеңейту жағдайында мемлекеттік аппараттың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын.

2. Қазақстан Республикасының Парламентіне «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) талаптарына сәйкес Парламенттің және оның Палаталарының қызметін қамтамасыз ететін шараларды қабылдау ұсынылсын.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктердің қосымша көлемімен жұмысқа функционалдық дайындығына талдау мен бағалауды жедел жүргізсін және атқарушы органдардың жаңа ұйымдық-құқықтық жағдайларда тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін шараларды қабылдасын.

Бұл жұмыстың қорытындылары туралы Қазақстан Республикасының Президентіне баяндасын.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына мыналар енгізіледі деп  айқындалсын:

1) «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңдарды Заңға сәйкес келтіруді көздейтін Конституциялық заңның жобасы;

2) «Прокуратура туралы» жаңа Қазақстан Республикасы Заңының жобасы.

5. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп:

1) осы Жарлықтың 4-тармағында көзделген заңнамалық актілер жобаларын әзірлеуді және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуді қамтамасыз етсін;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің қолданыстағы актілерін Заңға сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдасын.

6. Қазақстан Республикасының Үкіметі екі ай мерзімде:

1) өзге де заңнамалық актілерді Заңға сәйкес келтіруді қамтамасыз ететін шаралар қабылдасын;

2) Үкіметтің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ мәслихаттардың актілеріне ревизия жүргізуді және оларды  Заңға сәйкес келтіруді қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Жоғарғы Соты, Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар өздері қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау және Заңға сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдасын.

8. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі  Қазақстанның шетелдік және халықаралық әріптестеріне конституциялық реформаға сәйкес елдің мемлекеттік құрылымында болған өзгерістердің мәні мен мазмұны туралы ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етсін.     

9. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі  және Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де шараларды қабылдасын.

10. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

11. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

 

 




Яндекс.Метрика