Қазақстан және БҰҮ

Қазақстан бүгінде әлемдік күн тәртібін қалыптастыруға белсенді атсалысуда – БҰҰ өкілі

Қазақстан бүгінде әлемдік күн тәртібін қалыптастыруға белсенді атсалысуда, деді БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура Біріккен Ұлттар Ұйымына Қазақстанның енгеніне 25 жыл толуына орай өткен дөңгелек үстел барысында.
Астана қаласы02 Наурыз , 17:26

25 жыл бұрын, 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы БҰҰ мүшесі болып бірауыздан қабылданды. Норимаса Шимомура елімізді осы маңызды күнмен құттықтады.

«Біріншіден, Қазақстанды, оның тұрғындарын және Үкіметін Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді. Қазақстан БҰҰ мүшесі болғаннан бері жер бетінде қауіпсіздікті ілгерілетудің күшті жақтаушысы ретінде көрсеткенін барлығымыз білеміз. Осы уақытқа дейін Семейдегі ядролық полигонды жабу бойынша белсенді жұмыс атқарылған еді», - деді БҰҰ-ның ҚР-дағы тұрақты өкілі.

Оның айтуынша, Қазақстан даму саласында ауқымды жұмыс атқаруда және басқа елдер осыншалықты қысқа уақыт ішінде еліміздегі кедейшілік деңгейінің қысқарғанына таң қалуда. Әлеуметтік-экономикалық саланы жаңғырту бойынша зор жұмыс атқарылды.

«Қазақстан дамуда көптеген мақсаттарға қол жеткізді. Қазір біз тұрақты дамудың жаңа тәртібі бойынша Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастырып келеміз. Қазақстан дамудың екі компоненті бойынша үнемі тығыз жұмыс атқарып келді – бұл елдің өзін-өзі дамытуы және қауіпсіздік. Қазақстан қазір көмек алушы рөлінен көмек көрсетуші рөліне ауысуда. Бүгінде біз даму бойынша қаржылай және білім алмасу түрінде де көмек көрсетумен айналысамыз», - деп атап өтті ол.

 Бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне де белсенді түрде қатысуда.  

«Қазақстан әрқашан БҰҰ маңызды әріптесі болған еді және жақын арада Қазақстанның осы ұйымдағы рөлі одан сайын арта түсетініне сенімдімін», - деп қорытындылады Н. Шимомура.

Сондай-ақ, ол Қазақстан Орталық Азияда Қауіпсіздік кеңесіне мүше болған алғашқы ел болғандықтан, өзінің бірегейлігін әлі көрсететінін атап өтті.  

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика