Энергетика

Соңғы 6 жыл ішінде газ жағу көлемі үш есе қысқарған – Энергетика министрлігі

Газды кешенді өңдеу жөніндегі бірыңғай циклда жер қойнауын пайдаланушылардың ресурстарын біріктіре отырып, өндірілетін ілеспе мұнай газын ұтымды пайдаланудың тиімді тәсілдерін енгізу қажет. Бұл туралы ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады.
Астана қаласы02 Наурыз , 11:57

«Ұсақ жер қойнауын пайдаланушылардың көбінде өндірілетін газ көлемдері мен инвестициялық мүмкіндіктері өңдеу қуаттылықтарының құрылысы үшін жеткіліксіз, осыған орай, өндірілетін газ ішкі қабат қысымын сақтап тұру үшін қабатқа айдалады немесе алауда жағылуын қоса алғанда, жеке немесе технологиялық қажеттіліктерге пайдаланылады. Елімізде миллиард текшеге жуық газ әлі жағылуда, қор бар. Алайда, соңғы бес-алты жыл ішінде жағу көлемі алауларда 3 есе қысқарған. Жақын маңайда орналасқан кен орындарының ресурстарын біріктіру осы проблеманы шешуге мүмкіндік береді», – деді Қ. Бозымбаев.

Энергетика министрлігінің басшысы министрлік ұсынған және ВАК мақұлдаған схема бойынша Ақтөбе облысының Қожасай кен орнында кешенді газ дайындау қондырғысының құрылысы жобасы іске асырылып, жыл соңына дейін аяқталуы жоспарланғанын атап өтті. Осы жоба газдың шарасыз жағылуын тоқтатуға және жер қойнауын пайдаланушы «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС, «Арал Петролеум Кэпитал» ЖШС және «Каспий Нефть ТМЕ» АҚ газ ресурстарын өңдеу үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Біз газ саласында нақты талдау жүргізіп, икемді болуымыз керек, жер қойнауын пайдаланушылардың мұнай ресурстарын біріктіруге болатын жерлерге инвесторларды тартуымыз қажет», – деп қорытындылады Қ. Бозымбаев.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика