Мемлекеттік басқарудың жаңа түрі

Ақмола облысының мемлекеттік қызметшілерін аттестаттау сәуірдің соңында аяқталады

Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудың соңғы кезеңі басталды, ол ағымдағы жылғы сәуір айының соңына дейін созылады, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Ақмола02 Наурыз , 13:48

Еске сала кетейік, қазіргі уақытта республикада «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттау өтуде.  

Аттестаттау мемлекеттік қызметшілердің кәсіптік даярлығының деңгейін және «Б» корпусына жататын лауазымдарға сәйкестігін анықтау үшін өткізілуде. Бұдан бөлек, аттестаттау рәсімі мемлекеттік қызметшілердің қажетті біліктіліктерін одан әрі дамыту және мемлекеттік қызметте ілгерілету үшін әлеуетін анықтауға бағытталған.

Қазіргі аттестаттау мемлекеттік қызметшілердің заңнаманы білуге тест тапсырмайтынымен ерекшеленеді. Оның орнына қызметшілер біліктілік деңгейін анықтауға арналған тестілеуден өтеді.  

«Аттестаттау рәсімі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – бағалау парағын ресімдеу, екіншісі – тестілеуден өту және соңғы кезең – әңгімелесу», - делінген хабарламада.

«Б» корпусына жататын қызметшілер атқаратын лауазымдарына байланысты тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссияларында әңгімелесуден өтеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жоғарғы аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан Ақмола облысынан облыстық басқармалардың басшылары, облыс әкімінің аппараты басшысының орынбасарлары және Ревизиялық комиссия аппаратының басшысы өтті.

Облыс әкімінің аппаратында екінші деңгейлі аттестаттау комиссиясы құрылған. Бұл комиссияда облыс әкімі аппаратының, облыстық мәслихаттың, Ревизиялық комиссияның, облыстық атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері, аудандық және қалалық деңгейдегі басқарушы қызметкерлер әңгімелесуден өтеді. Барлығы 900-ге жуық мемлекеттік қызметші.  

Екінші деңгейдегі аттестаттау комиссиясының құрамына «А» корпусына жататын мемлекеттік қызметшілер, «Б» корпусына жататын қызметшілер, облыстық мәслихат депутаттары кірді. 




Яндекс.Метрика