ҚР Президентінің Жолдауы

Қорғаныс министрлігі ҚР Президентінің Жолдауын жүзеге асырудың тапсырмаларын анықтады

ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы02 Наурыз , 15:58

Кеңеске Қорғаныс министрлігі мен Бас штабының басшылығы, ҚМ мен ҚР ҚК БШ құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары қатысты. Бейнебайланыс пішімінде қатысуға Қарулы Күштер түрлерінің бас қолбасшылары, ҚР ҚК әскер тектерінің қолбасшылары, қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бастықтары тартылды.

«Өзінің кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің 25 жыл ішіндегі негізгі жетістіктерімізді атап өтіп, Қазақстанға әлемдегі жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін үшінші жаңғырудың басталуы туралы жариялады. Елбасы жоғары орташа әлемдік экономиканың қарқынды өсуі мен 30 озық елдің қатарына тұрақты кіруін қамтамасыз етуге бағытталған оның негізгі басымдықтарын атап өтті», -деді қорғаныс ведомствосының басшысы.

Кеңесте Жолдаудың негізгі қағидаларын түсіндіру бойынша баяндамасымен ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Мұхамеджан Таласов сөз сөйледі.

Қазақстан халқына арналған жаңа Жолдауда белгіленген Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында, сондай-ақ, мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында өткізіліп жатқан реформаларды ескере отырып, Қорғаныс министрі бірқатар бағыттарды айқындады. Олар 2020 жылға дейін Қарулы Күштердің құрылуы мен дамуы: әскерлерді қайта жарақтандыру, «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі «Сандық армия» цифрлық технологияларды, әскери білім мен ғылымды дамытудың маңызды мәселелеріне тікелей қатысты болып келеді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік-құқықтық дайындық аясында Қарулы Күштердің барлық әскери бөлімдері мен құрамаларында Жолдаудың негізгі ережелерін түсіндіру жүргізілуде. Орындарда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің депутаттармен, мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылуда. 

 

 

 




Яндекс.Метрика